С. Торайғыров атындағы ПМУ сәулет-құрылыс факультетінде КСРО халық сәулетшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық сәулет академиясының академигі, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры Қалдыбай Монтахаевтың музейінің салтанатты ашылуы өтті.

Қ. Ж. Монтахаев – «Құрмет» орденінің иегері, Шығыс елдері халықаралық сәулет академиясының академигі, Қазақстан сәулетшілер одағының президенті (1996 ж.), Шығыс елдері халықаралық сәулет академиясының вице-президенті (1999 ж.), «Алтын адам» сыйлығының иегері (2000 ж.).

Қалдыбай Жұмағалиұлы көп жылдар бойы Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевпен бірге еңбек етті. Оның заманауи сәулет саласындағы көптеген шығармашылық идеялары Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Бүгінде сәулетшінің жобалары Астана, Алматы қалаларындағы әкімшілік және тұрғын аудандарына көрік беріп тұр.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде ғалымның өз ісінің шебері, сәулет саласында есімі мойындалған кәсіпқой маман, көшбасшы екенін атап өтті. «Қалдыбай Жұмағалиұлы Қазақстанның сәулет ғылымын дамыта жүріп, бұл саланы халықаралық деңгейге өсіруге және әлем алдында қазақстандық сәулетшіліердің шығармашылық жетістіктерін мойындату үшін көп тер төкті», – деді университет басшысы.

Сонымен бірге, ғалымның жолдастары, әріптестері мен туыстары ардагер сәулетішінің өміріне қатысты ғибратты әңгімелер айтып, көпшілікті оның ғұмырлы еңбектерімен таныстырды.

Музей директоры Егімбай Сүлейменов халық сәулетшісінің шығармашылығын былайша бағалады: «Туындының ғұмыры оны жаратқан адамның өмірінен ұзақ болады. Осылайша, туындыны жаратқан адам жеңіспен қайтады, ал оның бейнелеген туындысы мәңгіге жүректерге жылу сыйлайды».

Экспонаттар арасында Қалдыбай Монтахаевтың жеке қолданған заттары, жобалары, марапаттары бар.