Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде КР Әділет министрлігінің мұрындық болуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акттілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Заң жобасының жаңалықтарының бірі – зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу бойынша өкілеттерді сараптама ұйымына беру арқылы зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құру.

Құжатта құқық иелерін тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін 500 АЕК-дан 10 000 АЕК-ге дейін өтемақы алу құқығын қамтамасыз ету көзделеді.

Сондай-ақ, жобада тіркеуге қатысты дауларды сотқа дейінгі қарау мүмкіндігін кеңейтуді, тауар таңбаларына өтінімдерді сараптама ұйымына түскен сәттен бастап жариялауды және шарттарды тіркеу тәртібін жеңілдету қарастырылған.

Қоғамдық тыңдау жұмысын ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлк меншік құқықтары департаментінің директоры Абзал Естаев ашты.

Ал, заң жобасымен ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары департаменті директорының орынбасары Салтанат Нұрымбетова таныстырды.

Кездесуде С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары заң жобасындағы өзгертулер мен толықтыруларды талқылап, пікірталасты. Сондай-ақ, талқылау барысында құқықты тауысу қағидасы, авторлық құқық, селекциялық жетістіктерді патенттеу мәселелері қозғалды.