Павлодар облысының зиялы қауымы филология ғылымдарының докторы, профессор, мәшһүртанушы Айтмұхамет Тұрышевтың 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Айтулы шараның аясында өңір ғалымдары «Мәшһүртанудың ғылыми негіздері – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында бас қосты.

А. Қ. Тұрышев – 13  монография, 7 оқу құралы, 30  оқу-әдістемелік құралдары, 1 – пьеса, 5 авторефераттың авторы. Ол ғалым ретінде ғана емес, сонымен қатар, қоғам қайраткері ретінде ел арасында танымал. Ғалым қазақ тілінің мәртебесін көтеруде де аз еңбек сіңірмеді. Павлодар облысы бойынша 1991 жылдан «Қазақ тілі» қоғамының, кейіннен «Облыстық тілдер басқармасының», «Қалалық тіл және мәдениет басқармасының» мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға атсалысып, ел игілігіне еңбек етіп келеді. 

Бұл күні белгілі ғалымды  Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев құттықтап, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапаттады. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев Айтмұхамет Қасымбайұлын құттықтап, жылы лебізін арнады. «Мен сізді Мәшһүртанудың тұңғыш ғылыми негізі, ірге тасын қалаған мәшһүртанушы ғалым ретінде атап өткім келеді. Сіз Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының бастауында тұрып, елімізде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бай мұрасын зерртеуге жол салдыңыз», – деді Арын Амангелдіұлы. 

Сондай-ақ, мерейтой иесін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және облыстың білім беру және мәдениет ұйымдары өкілдері құттықтады.