2016 жылғы 6 тамызда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жұмыс сапарымен келді.

Құрметті қонақ «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС-імен бірлесіп индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құрған «Мұнайөңдеу және нанотехнология үрдістері» зертханаларының салтанатты ашылуына қатысты. 

«ПМХЗ» ЖШС МЖӘ аясында мұнайхимия бағытындағы зертханалар мен дәрісханаларда күрделі жөндеу жүргізді. Бұл зертханаларда зертханалық құрылғылардың 11 түрі жұмыс жасайтын болады.

Бұдан өзге, Ерлан Сағадиев университет қабырғасында ашылған өңірлік стартап академиясының жұмысына куә болды. Академия директоры Арнагүл Бүркүт  оқу орданың кәсіпкерлік университет ретіндегі трендтерімен таныстырды. Қонақ назарына стартапшылар өздерінің бизнес-моделдерін ұсынды. Олар С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті командасының Торонто қаласында (Канада) өтетін әлемдік Enactus 2016 кубогында Қазақстанның намысын қорғайтыны туралы баяндап берді. 

Және де министр Павлодар мемлекеттік университетінің электрэнергетика және IT-технологиялар салаларындағы инновациялық жобаларымен қанық болды. 

Содан кейін, Ерлан Кенжеғалиұлы Павлодар облысының ұстаздарымен кездесіп, білім саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Министрдің дәрісіне бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі – үштілділік білім беру арқау болды. Министрліктің жоспарында үш-төрт жылдың ішінде мемлекеттік тілді білмеген 500 мыңға жуық балалардың тіл игеруіне жағдай туғызу көзделуде. 

 Сондай-ақ, еліміздің әр мектептерінде жүзеге асатын  жаңалықтардың қатарында электрондық порталдар да бар.  Жиында  мұғалімдерді қағазбастылықтан босататын  «Күнделік» порталы мен оқушылардың ҰБТ және басқа да емтихандарға дайындалуына көмекші құрал болатын «Bilim Land.kz» интернет порталы таныстырылды. 

Жиылған мұғалімдер қауымы білім беру жүйесіндегі жаңалықтарды құрастырушылардың өз аузынан естіп, білді. 

Ерлан Сағадиев С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне сапарын қорытындылай келе, облыс ұстаздарының еңбектерін жоғары бағалады.  «Павлодар облысы шын мәнінде, білім беру ісіндегі жетістіктерімен мақтана алады. Өйткені, бүгінде өңір мектептегі білім беру табыстарымен Қазақстан бойынша көш бастап тұр», – деді министр.