С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Жұлдызды сәт» байқауының қалалық финалы өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың саяси-құқықтық «Жастар» клубының ұйытқысымен өткен «Жұлдызды сәт» жобасы қарапайым студенттердің өнері мен дарынын көпшілікке танытуға зор мүмкіндік берді. Сондықтан, бұл жобаның талабына сәйкес қатысушылар өзінің ерекше қабілетімен көрермендер мен әділқазылар алқасын таңқалдыруы тиіс болды. 

Екінші кезеңнен іріктеліп алынған 30 үміткерден 13-інің жұлдызы жанып, финалға өтті. Өнер додасында жас дарындар вокалдық шығармашылық, хореография, аспаптық музыка бағыттары бйынша сынға түсті. 

Шара ұйымдастырушыларының мәлімдеуінше, «Жұлдызды сәт» байқауы жас дарындардың өнерлерін паш етуге зор септігін тигізді. 

– Әрине, байқау болғаннан кейін бәрі жеңіске жете бермейді, алайда, шын талант иелері көптің көкейінде қалды, танымалдығы артты.

Әділқазылар алқасы мен көрермендерді таңқалдыра алған «Black unicorns» бишілер тобы фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алып, бәске түскен 50 000 теңге қыржылай сыйлықпен қанжығасын майлап кетті. Екінші орын көпке танымал «Numb» әнін қобызда әуелеткен Жансая Мұхтароваға бұйырды. Үшінші орынды «Ирина» акробаттық триосы иеленді. Бұл жеңімпаздар өздерінің жұлдызды сәтін өнерлерімен жарқырата түсті. Олар өз дарындарымен көрерменге шаттық сыйлап, жүректеріне ерекше әсер қалдырды.