С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының теологы Жолдас Бердімұратов студенттермен кездесті.

Кездесу барысында дінтанушы маман рухани-адамгершілік құндылықтар, жастардың діни тәрбиесі турасында әңгіме өрбітті. Дәріскер жастарға дін және дін негіздері туралы терең мағлұмат берді. 

Сондай-ақ, маман студенттерге  күдікті діни сайттарға кіруге, күдік туғызатын адамдарды тыңдамауды ескертіп, дінге қатысты сұрақтар туындағанда жергілікті билік орындары рұқсат берген білікті теолог мамандардан кеңес алуға болатынын айтты.

– Бүгінде дінге мүлдем қатысы жоқ, алайда, дінді жамылған жат ағымдардың өкілдері өздерінің зұлым әрекеттерін белсенді іске асыруда. Қай заманда болмасын дін адамзатқа рухани және адамгершілк құндылықтарды сіңіріп, қайырымдылыққа, мейірімділікке, жомарттық пен жанашырлыққа баулып, адамдарды түсіністікте әрі бейбітшілікте болуға шақырады, – дейді Жолдас Бердімұратов.

Кездесу барысында студенттер мазалаған сауалдарына жауап алып, дін негіздері хақында толық мағлұмат алды. 

С. Торайғыров  атындағы ПМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Сәуле Мамытованың айтуынша, жастарға дін туралы толық та нақты дерек беру мақсатында мұндай кездесулер жиі болып тұратын болады. 

– Бүгінгі кездесуде біз студенттік жастарға ислам діні, діни ағымдар, жат діни бағыттар сынды тақырыптарда сөз қозғадық. Дінтанушы маман жастармен тағлымды әңгіме жүргізіп, келелі кеңесін берді, – деді Сәуле Насенқызы.