С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, актер, режиссер, продюссер, сценарист Досхан Жолжақсыновпен кездесу өтті.

Кездесу Досхан Жолжақсыновтың режисерлік жаңа туындысы «Құнанбай» көркем фильмінің таныстырылуына арналды. 

«Құнанбай» фильмі С. Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері назарына ұсынылып, көрермен ілтипатына ие болды. Оқу орданың зиялы қауымы қазақтың ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбай тұлғасы терең суреттелген фильмді зор ықыласпен тамашалап, жоғары баға берді. Кино туындыдан студенттер де үлкен әсер алып, тәлімі мол ғибрат жинады. 

«Құнанбай»  Досхан Жолжақсыновтың режисер ретінде түсірген екінші фильмі. 

Өнер майданында тынбай еңбек еткен, есімі ел аузында жүрген қонақ студенттерге деген жүрекжарды лебіздерін білдіре келе, фильм жайында көп мағлұмат берді.

– 48 күн ішінде түсірілген бұл фильм ел зиялыларының да оң бағасына ілігуде. Талай жылдар ойымызға қалыптап қойған Құнанбайдың бейнесін көрерменге шынайы жеткізу үшін көп тер төктік. Кейінгі ұрпақ бұл кинодан мол тәлім алады деп сенемін, – деді қонақ.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде қонақтың қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесін саралай келе, актер еңбектерін жоғары бағалады. 

– Досхан Қалиұлы ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан актерлердің бірі. Оның туындыларының ұлттық боямы қанық, тағылымы терең. Автор өз еңбектерінде ұрпақ игілігіне өнеге болатын тәрбиелік мәні зор дүниелерді паш етуді басты парыз санайды, – деді университет басшысы.  

Кездесу соңында Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев Досхан Жолжақсыновқа «С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» академиялық атағын табыс етті. 

Павлодар мемлекеттік университетінің 1 курс студенті Бәкіжан Кәкім көрсетілімнен кейінгі ойын былайша өрбітті: «Фильмнің «Ассалаумағалейкум» деген алғашқы сөзінен басталғаны көрерменнің ықыласына жол тартқанының белгісі. Кинодан Құнанбай тұлғасының тағылымдық бейнесін, биік рухын, тұғырлы тұлғалығын байқадым. Тіпті шешесі Зеренің де аналық бейнесі жақсы ашылған».