Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде белгілі актер, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбековпен кездесу өтті.
Кездесуге С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Әлімғазы Райымбеков өмірінің 10 жылын кино саласына арнады. Оның өнерін Әзірбайжан Мәмбетов, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сынды кино алыптары жоғары бағалады. Актер ұзын саны 14 кино картинаға түсті. «Тақиялы періште», «Долана», «От оранған Орал», «Қан мен тер», «Дала гүлі» сияқты Кеңес одағындағы шынайы өмірдің кескін-келбетін боямасыз суреттейтін фильмдерде әртүрлі рөлдерді сомдайды.
Кино саласында өзіндік ізін салып кеткен, есімі жұртшылық арасында мәңгі жатталып қалған Әлімғазы атамыз өзінің шығармашылығымен ой бөлісіп, студенттерге деген жүрекжарды лебіздерін білдірді
– Қазақтың жастары қашанда саналы мәдениетімен, қасиетті болмысымен, ұлтына деген сүйіспеншілігімен, қазақы салтымен ерек болуы тиіс. Сіздермен кездесуімнің мұраты да осы жақсы игі дүниені жас ұрпақтың бойынан көргім келіп, қолымнан келгенше ақылымды жеткізгім келді. Алдымызда өткен ұлы тұлғалардың қай-қайсысы да оқу-біліммен ғана өмірдің мағынасын ашады. Сондықтан, Сіздерге білім жинап, ел игілігіне қызмет етулеріңізге ниеттес екенімді жеткіземін, – деді өнер иесі.
Сексеннің сеңгіріне жеткен Әлімғазы ата жастарға ақылын айтып, ғұмыр елегінен өткен тұщымды ойларымен бөлісіп, келелі кеңестерін беруден аянып қалмады. Әлімғазы Райымбеков студенттерге қазақтың белгілі тұлғалары – Бауыржан Момышұлы, Шәкен Айманов, Әмина Өмірзақовадан алған тәлімдерін баяндап, олармен болған мағыналы ғибратты кездесулері туралы да әдемі әңгіме өрбітті. Оқу орданың жастары жұрт мақтанышына айналған Әлімғазы атадан өнеге алып жүретінін де жасырмады.
Кездесудің соңында студенттер құрметті қонаққа сауалдар қойып, пікір алмасты.