С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 55 жылдық мерейтойына орай ғылыми кітапханада «Ақпараттық-білім беру кеңістігіндегі жоғары оқу орнының ғылыми кітапханасы» атты облыстық семинар өтті.
Биылғы жылдың қараша айында С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кітапханасы 55 жылдық мерейтойын атап өтті. Ғылыми кітапхана – оқу орданың негізгі құрылымдық бөлімдерінің бірі. Миллионға жуық басылымдардан құралған қоры бар. Біздің кітапхана – оқу-тәрбиелік үрдісін және ғылыми зерттеу жұмыстарын ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған бірден бір маңызды бөлім. Біз өз кітапханамызды мақтан етеміз, – дейді кітапхана басшысы, т.ғ.к. Саида Исамадиева.
Семинар жұмысы облыстың кәсіптік білім беру саласындағы кітапхана қызметкерлерінің басын қосты.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кітапханасының басшысы Саида Исамадиева Чехияның кітапханалық тәжірбиесімен бөлісіп, жиылғандарға заманауи кітапханалар, ондағы RFID-технологиялары, интерьері, дизайні, оқырмандар үшін жасалған ыңғайлылық туралы баяндап берген таныстырылым ұсынды.
Саида Исамадиеваның айтуынша, RFID технологиясының артықшылығы кітапхананы басқару жұмысын автоматтандыруды, кітаптарды іздеуді, қабылдау және беруді, қорды сақтау және ұрлаудан қорғауды қамтамасыз етеді. Мұндай белгісі бар кітап яки СД өзінің жеке электрондық нөміріне ие болып, қашықтықтан таныла алады.
Сондай-ақ, кездесу барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кітапханасының мамандары Б. Әлжанова, Г. Бондарь, Т. Супрунова Г.Аманова ғылыми кітапхананың бүгінгі жағдайы, талпынысы мен жетістіктері турасында әңгімелеп берді. Мұнымен қоса, Ақсу колледжінің оқытушысы Г. Солтанова өз баяндамасында оқу орнының ғылыми кітапхана арасындағы байланысы мен өзара ықпалдастығы туралы айтты.
Ал колледждердің әдістемелік бірлестігі төрайымы Е. Смирнова оқу кітапханаларының дамуы мен алдағы уақыттағы ынтымақтастық төңірегінде сөз қозғады. Ол өз сөзінде С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында колледж кітапханашыларының біліктілігін жетілдіретін арнайы курстар өткізу тәжірибесін қайта жаңғырту қажеттігін айтты.
Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасы мен колледждер арасындағы 1978 жылдан бергі ынтымақтастық турасында технологиялық колледж кітапханасының меңгерушісі Т. Бирюкова баяндап берді. Және де профессорлық-оқытушылар құрамына кітапханалық-библиографиялық қызмет көрсетудің тәжірибесімен ПМПИ-дің ғылыми кітапханасының маманы К. Төлеубаева бөлісті.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың академик С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасы – Қазақстандағы ең ірі кітапханалардың бірі, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары кітапханаларының Ассоциациясының мүшесі. Сонымен қатар, кітапхана өңірдегі жоғары оқу орындарының, колледждер мен мамандандырылған аймақтық лицейлер кітапханаларының облыстық әдістемелік орталығы болып табылады. Қарамағындағы кітапханалармен ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және құрылымдастырушылық жұмыстар жүргізіп келеді.