С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев АҚШ-тың Western State Colorado University және University of Colorado Denver оқу орындарына іс-сапармен барды.

Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес білім беру жүйесін модернизациялаудың басты мақсаты мемлекеттің индустриалды-инновациялық даму міндеттеріне және жеке тұлғалардың мұқтаждықтарына жауап беретін жоғары білім берудің сапалы деңгейіне көтерілуі болып табылады. Міне, осылайша 2020 жылға дейін Қазақстанның жоқ дегенде екі жоғары оқу орны әлемнің үздік университеттері рейтингісінен ойып тұрып орын алуы тиіс.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының айтуынша, АҚШ-тың Western State Colorado University және University of Colorado Denver оқу орындарына іс-сапарлары шетелдік жоғары білім беру жүйесіндегі басқару тәжірибесімен танысуды, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды, сондай-ақ, Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушыларының ұтқырлық белсенділігін арттыруды көздейді.

Бұл университеттерге жол тартуының өзіндік себебі бар. Western State Colorado University дүниежүзі бойынша жоғары оқу орындардың үздік бестік қатарында. Университет экология, қоршаған ортаны қорғау, жаратылыстану ғылымы, геологиялық барлау технологияларының дамуы, тау ісі салалары бойынша білікті мамандарды даярлап келеді. Ал University of Colorado Denver – білім берудің алдыңғы қатарлы технологияларын қолданатын ғалымдар мен студенттерден тұратын ірі білім және ғылым орталығы.

«Бұл жоғары оқу орындарда өткізілетін ғылыми шараларда студенттің ғылыми-зерттеу жұмыстарына аса мән беріледі», – дейді Арын Өрсариев. Мәселен, Денверде әр талапкерден жеке сұхбат алынады. Студенттік зерттеу орталығында студенттер табысты еңбек етуде. Бұл орталық студенттің оқытушымен тығыз жұмыс жасауына мүмкіндік беретін шәкіртақы бойынша серіктестер бағдарламасы үшін қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Студент ғылыми-зерттеу жұмысын оқытушымен бірге жобалап, және де зерттеу жұмысына бірге тер төгеді. Әр студент жеке өзінің жобасымен айналыса алады. Өйткені университет әрбір өзінің студентінің ғылыми әлеуетін қолдануына жол салады.

Western State Colorado University және University of Colorado Denver университеттері өкілдерімен кездесу кезінде екі жақ студенттер мен оқытушылардың алмасуы, тәжірибе мен тағлымдамадан өтуі және шетелдік оқытушыларды дәріс оқуға шақырту туралы келісімге келді.

Бұл құжат негізінде С. Торайғыров атындағы ПМУ оқытушылары мен студенттері шетелдік ғалымдарымен бастау алған халықаралық конференцияларға қатысып, докторанттар мен магистранттар Колорадода тағлымдамадан өтіп, бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Енді келісім бойынша АҚШ ғалымдары Павлодар мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамына, докторанттарға, магистранттар мен студенттерге дәріс оқып, шеберлік сыныптар және семинарлар өкізетін болады.