С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев Алматы Менеджмент университетінде өткен «Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік білімнің даму мүмкіндіктері» атты республикалық дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

Бұл шараға Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Алтаев, Тель-Авив университетінің кәсіпкерлік орталығының негізін салушы Орен Симаниан, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдері, Қазақстанның 30 жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, профессорлар, бизнес-инкубаторлардың, бірлестіктер мен ұйымдардың жетекшілері қатысты.

ҚР білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев өз сөзінде отандық жоғары мектептердің өздері ғылым, тәжірибе және білімді ұштастырған жаңа басқару үлгісіне ұмтылатындығын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Үкіметі жоғары оқу орындар алдына үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс жасауға ашық кәсіпорындар үшін жаңа форматтағы менеджерлерді дайындау міндетін қойды.

Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға кіру кезеңінде бұл кездесіу уақытылы да орынды өтуде. «Еліміздегі жоғары мектептерінің оқу үдерісін басқарудағы қатып қалған қозғалтқыштарын икемдірек үлгіге алмастыру қажет. Біріншіден, экономиканың бәсекеге қабілеттлігін, оның ішінде жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мемлекет үшін өте маңызды қадам саналмақ», – деді Арын Амангелдіұлы.

Кездесу барысында мемлекет, кәсіпкерлер және ЖОО өкілдері Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік білімнің және оның коммерцияландыруын, бизнес-инкубаторлардың, технопарктердің құрылуы мен дамуын, сондай-ақ, кәсіпкерлік білімнің дамуы бойынша ұсыныстар жасаудың мүмкіндіктерін талқылады.