С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің ректоры Ұлықбек Бегалиевпен кездесті (Қырғызстан, Бішкек қаласы).

Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлық, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, студенттер мен докторанттарды оқыту салаларында ынтымақтастық жайлы келісімшартқа қол қойды.

«Халықаралық инновациялық технологиялар университетімен ынтымақтастығымыз жемісті болатынына сенімдімін. Қырғыз ғалымдарының ғылым мен өндірісті ұштастыра жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстары бізді де қызықтырады»,- деді Арын Амангелдіұлы.

Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің ерекшелігі сол – университет ғылым мен өндірістің басым бағыттарына мән береді: оптикалық технологиялар, ақпараттық-коммуникациялар технологиясы; автоматтандыру және басқару; сәулет және құрылыста компьютерлік моделдеу, тиімді құрылыс материалдары мен бұйымдарды өндіру; жарықпен қамтамасыз ету және электротехника; геоақпараттық жүйелер; экологиялық мониторинг. Ғылымның көптеген салаларында университет Орталық Азия бойынша көшбасшы орталық атануға үміткер.

Сонымен бірге С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің делегациясы Алматы қаласында орналасқан Эберт қорына да барып, қордың білім саласы бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.

Фридрих Эберт атындағы қор социал-демократтардың құндылықтарына негізделетін жекеменшік, коммерциялық емес, тәуелсіз ұйым болып табылады. Демократтық жолмен сайланған германдық рейхс-президенті Фридрих Эберттің саяси аманаты ретінде қор 1925 жылы құрылды.

Аталмыш қор білім беру саласы бойынша бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасайды. Солардың бірі - дарынды және қоғамдық жұмыстарда белсенді студенттер мен жас ғалымдарды шетелде қолдау әрі оларға шәкіртақы тағайындау. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін қор өзінің ұйымдарымен жұмыс жасайды, сонымен бірге саяси, экономикалық, ғылыми және мәдениет салаларындағы серіктестермен ынтымақтастық орнатқан.