2014 жылдың 17 сәуірінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ашық есік күні Железин ауданында өтті.
Аталмыш шара Павлодар мемлекеттік университетінің «Foundation» факультетінің ұйымдастыруымен Железин ауылының №1 ЖББОМ базасында өтті. Кездесуге университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен ауданның 59 (ҰБТ-ға 90 оқушының 60 қатысады) 11 сынып оқушылары, ата-аналары мен ұстаздары қатысты.
Шара барысында болашақ талапкерлер назарына университет туралы бейнефильм ұсынылды.
Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы биология ғылымдарының докторы, профессор Ахметов Қанат Қамбарұлы Павлодар өңіріндегі ең алғашқы жоғары оқу орны хақындағы қызықты деректермен таныстырды. Сондай-ақ, жоғары оқу орнына түсу ережелері мен құжаттарды тапсыру мерзімдері, С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында білім алудың жетістіктері және жоғары мектептегі факультеттер, мамандықтар турасында сөз қозғады. Қанат Қамбарұлы сөз соңында болашақ талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткіштерге ие болуларына тілектес екенін жеткізе келе, оқушыларды Павлодар мемлекеттік университетіне білім алуға шақырды.
Павлодар мемлекеттік университетінің өнерпаз студенттері «Мелоди» тобы, «Джем» заманауи би студиясы, КВН Павлодар жастар құрамасы кездесу қонақтарына тамаша көңіл-күй сыйлады. Сонымен қоса, С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармония әншісі Әсел Құлжанова әсем әнімен жиылған көпшіліктің көңілінен шықты.
Шара соңында С.Торайғыров атындағы ПМУ факультеттері өкілдері мен болашақ мектеп түлектері әрі ата-аналары арасында ашық та ұзақ әңгімелесу өрбіді. Жоғары оқу орнының өкілдері оқушыларды мазалаған сауалдарға жауап қайырды.