2014 жылдың 15 сәуірінде С.Торайғыров ат. ПМУ-дың студенттеріне «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Заңнамадағы жаңа өзгерістер» тақырыбын арқау еткен дәріс оқылып, «Қорғаныс жарлығы» атты бейнефильм көрсетілді.
Аталмыш шараны С.Торайғыров атындағы ПМУ Тәрбие жұмысы және әлеуметтік сауалдар жөніндегі департаменті мен Павлодар қаласы Ішкі істер басқармасының Оңтүстік бөлімшесі ұйымдастырды.
Шара қоғамдағы отбасылық зорлық-зомбылықты анықтау және алдын алу жұмыстарымен Павлодар мемлекеттік университетінің студенттеріне насихаттауды мақсат етті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ол отбасы мүшесінің басқа отбасы мүшесіне көрсетілетін зорлық-зомбылығы. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңға сәйкес зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – мемлекеттің даму деңгейі мен мәдени хал-ахуалына қарамастан, әлемнің барлық елдерінде кездесетін мәселе. Соңғы кездері елімізде, облысымызда осындай мәселелер жиі орын алып келеді. Жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты, тіпті өлтіру бойынша он мыңдаған оқиға тіркеледі. Қоғамдағы белең алып келе жатқан отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесінің қорқынышты зардаптары турасында барынша насихаттау, оның алдын алу шараларын жүргізу жұмыстары мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан жасалуда. Бүгінгі С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен бұл шараның да атқарар міндеті қомақты.
Дәріске Павлодар мемлекеттік университетінің барлық факультеттерінің 50-ден аса студенті қатысты.
Аталмыш кездесуде Павлодар қаласының ІІД Оңтүстік бөлімшесінің зорлық-зомбылықтан әйелдерді қорғау ісі бойынша аға инспекторы, полиция майоры Перунова Ольга Вячеславқызы, Балалы әйелдердің әлеуметтік-психологиялық бейімделу және оңалту орталығының психологы Қабылдинова Анар Қайриденқызы дәріс оқыды.