С.Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университетінің факультеттерінде береке, көктем мерекесін және көктемгі күн мен түннің теңесуін атап өтті.
2014 жылдың 12 -17 наурыз аралығында Металлургия, машинажасау және көлік факультетінде Наурыз тойы тойланды.
Наурыз мерекесінің бағдарламасы бойынша ұлттық ғұрыптар мен Қазақстан Республикасы халықтарының дәстүрлері, ән мен би, ұлттық әрі викториналық ойындар және де қабырға газеттерінің тұсауы кесілді.
2014 жылдың 19 наурыз күні жалпыфакультеттік концерт өтті. Салтанатты кеште байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздарға Бас жүлде мен ММжК факультеті деканының Кубогы табыс етілді.
Қаржы-экономикалық факультетінің Менеджмент кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы университеттің Студенттік клубында Наурыз мерекесін тойлады.
Тойшыл қауым тамылжыта ән салып, мың бұрала би билеп, ойындар ойнап, бабтарын таластыра, бақтарын сынады. Мәселен, «Алаша» додасына қатысушылар қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары және ұлттық асханасы турасында сауалдарға жауап іздеді. Сонымен бірге, студенттер «Аң жүгіру» жарысын жасап, белгіленген аңдардың жүріс-тұрысын салып жүгіріп, жиылған жұрттың көңілдерін көтерді. Мұнымен қоса, кеш «Орамал тастау» ойынымен жалғасып, мерекелік көңіл қыза түсті. Қолына орамал түскен қатысушы қазақтың әндерін әуелете түсіп, қарсыластарынан озуды мақсат етті.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультеті Наурыз мейрамына арналған мерекелік кешті атап өтті.
Аталмыш іс-шара Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканаты орналасқан арнайы безендірілген фойеде өтті. Шуақты «Наурыз» мейрамында «Ең үздік қабырға газет» байқауында I дәрежелі дипломымен «Биология және экология» кафедрасы, ал II дәрежелі дипломдармен «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасы мен «География және туризм» кафедрасы марапатталды.
Мерекелік бағдарламада оқуда қол жеткен зор табыстары мен оқу орнының ішкі өміріне белсенді қатысып жүрген студенттер де келесі номинациялар бойынша марапатталды: «Ғылыми зерттеу жұмыстарының жоғары жетістіктері үшін», «Спортта жоғары жетістіктері үшін», «Студенттік өнердің дамуындағы жоғары жетістіктері үшін», «Оқудағы жоғары жетістіктері үшін», «Жоғары көшбасшы сапалары үшін».