С.Торайғыров ат. ПМУ-дың География және туризм кафедрасы оқытушылары Оқыту және дамыту орталығының (Астана қ.) ұйымдастыруымен өткен «Менің инновациялық сабағым» атты І Халықаралық эссе байқауының жеңімпаздары атанды.
Байқаудың мақсаты: білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби қызметінің нәтижесі бойынша ең үздік жұмыстарды анықтау, аймақтық мамандардың педагогикалық тәжірибелерімен бөлісіп, біліктілігін жетілдіру үшін алысқа бармай-ақ дистанциялық бағытта ел көлеміндегі әріптестері арасында бағын сынауға мүмкіндік алу.
География және туризм кафедрасының оқытушылары инновациялық сабақтардың жаңа моделдерін жасады. География және туризм кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. Динара Есімова «Қазақстанның табиғи ортасының геоэкологиялық қасиеттері» тақырыбын арқау еткен инновациялық сабақ жүйесін шығарды. Г.ғ.к., профессор Антонина Царегородцева «Деловая игра, как форма инновационного аудиторного занятия» атты сабағын ұсынды. Ал, аға оқытушы Гүлмаржан Қасенова «Заочное путешествие. Достопримечательности мира» сабағының үлгісін паш етті.
Байқауда ұсынылған жұмыстар автордың жеке ерекшеліктеріне, құрылымының ерекшелігіне, жеке авторлық стиліне жіте назар аударылып бағаланды.
Байқау нәтижесі бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ жеңімпаз атанып, арнайы дипломдармен марапатталды: І дәрежелі дипломдарымен п.ғ.к., доцент Д.Д. Есімова , г.ғ.к., профессор А.Г. Царегородцева және ІІ дәрежелі дипломмен аға оқытушы Г.К. Қасенова.
«Бүгінгі күні оқытушылар қызметіне деген талап өзгеріп әрі өсіп келеді. Оқытушы студентерге бағдарламалық білім көлемін қалыптастырып әрі жеткізе білуі қажет. Студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттырып, жан-жақты азаматты қалыптастыру оқытушыға міндет», - деп қорытындылады сөзін География және туризм кафедрасының меңгерушісі Динара Есімова.