2013 жылдың 4 мамырында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің әкімшілігі «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС басшылығымен бас қосып «Болашақ ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстел өткізді.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің делегациясы, атап айтсақ, ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев, инновациялық және жаңа технологиялар жөніндегі проректоры, б.ғ.д. Нұрлан Ержанов, Химиялық технологиялар және жаратылыстану, Энергетика факультеттерінің декандары және кафедра меңгерушілері, Павлодар мұнай-химия зауытының компрессорлық, операторлық, тауарлық зертханаларын, цехтарын және басқа да телімдерін қарап шықты. «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның Әлеуметтік сала жөніндегі директоры Алтын Имантаева университет әкімшілігін зауыт бөлімшелерімен таныстырып өтті.

Кездесу мақсаты – дуалдық оқыту жүйесін жүзеге асырып, С.Торайғыров атындағы ПМУ мен Қазақстандағы ең ірі өндірістік кәсіпорны арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Шухрат Данбай өз сөзінде, Қазақстан Республикасы 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын ауқымды түрде жүзеге асыруы мамандарды даярлау жүйесіне деген жаңа көзқарасты талап етеді. Ал дуалдық білім беру жүйесі әлемдегі ең көп тараған тиімді жүйесі болып табылады, деген Шухрат Абдурашитұлы.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаевтың айтуы бойынша, зерттеу бағытынан инновациялық сипатын айқындайтын С.Торайғыров атындағы ПМУ және «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС арасындағы ынтымақтастық үш бағытта дамытуда: бірінші – бакалавриат және бейінді магистратурада кадрлар дайындау, екінші – кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау, үшінші – бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру.

Сонымен қатар, С.Торайғыров ПМУ-дың зертханалық базасы «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС талаптарына сай қайта жарақтандырылатын болады. «Зауыт әкімшілігі университет білім беру бағдарламаларының әзірлеуіне қатысып, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау ісіне септігін тигізеді», – деді Серік Мәуленұлы.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы екі жақты меморандум бекітуі кездесудің қорытындысын шығарды.