С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредиттеуін іске асыруда. Бұл үрдістің негізгі кезеңдерінің бірі аккредиттеу агенттігінің сараптау тобының іссапары болып табылады.
Осыған байланысты 2011 ж. маусым айының 1-4 күндерінің аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Германиядан делегация - ACQUIN халықаралық аккредиттеу агенттігінің сараптау тобы жұмыс сапарымен болды. ACQUIN Болон процесінің нәтижесінде 2001 ж. ашылып, Аккредитация бойынша неміс кеңесінің лицензиясының негізінде қызметін атқарады және аккредитациядан өткен білім беру бағдарламаларының сапасын растау уәкілеттігі берілген.
Делегацияның құрамында ACQUIN өкілдері Михаэль Хавлин және Магдалена Либ; профессор, саяси ғылымдарының докторы Ханс-Кристиан Браувайлер; профессор, саяси ғылымдарының докторы Андреас Кнорр; Майкл Шпэт; профессор, заң ғылымдарының докторы Уилрих Штелкенс; мәдени әкімші, сауда маманы Ральф Тримборн; профессор, доктор Тильман Штайнер; «Менеджмент» мамандығының магистранты Наталья Фертих.
Сараптау тобының келу мақсаты – университеттің құрылымымен және оқу жүйесімен танысу; «Экономика» (ВА/МА), «Менеджмент» (ВА/МА), «Қаржы» (ВА), «Есеп және аудит» (ВА), «Мемлекеттік және жергілікті басқару» (ВА) және «Туризм» (ВА) мамандықтарының білім беру бағдарламаларын аккредиттеу. Келу бағдарламасына сай сапаның халықаралық стандарттарына сәйкес болуын тексеру үшін университет басшылығы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, профессорлық-оқытушылық құрам, ЖОО студенттері мен түлектерімен кездесулер өткізіліп, сұхбаттасулар алынды. Делегация мүшелеріне іссапар барысында мұражайлық кешен, ак.С.Бейсембаева атындағы ғылыми кітапхана, университеттің дәрісханалық қоры бойынша экскурсия өткізілді.
Ағымдағы жылдың тамыз айында ACQUIN халықаралық аккредиттеу агенттігінің сараптау тобының шешімінің келісілуі күтілуде. Желтоқсан айында болатын мәжілісте ACQUIN халықаралық аккредиттеу агенттігінің комиссиясы С.Торайғыров атындағы ПМУ аккредитациядан өту туралы соңғы шешімін қабылдайды.