Торайғыров университетінде еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күніне орай «Тарихтан болашаққа» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік концертке университеттің профессор-оқытушылар құрамы, әкімшілік-басқару персоналы мен студенттері қатысты.

 

Университет ұжымы мен білім алушыларды Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова құттықтады. Ол жиналғандарға мерекелік лебізін білдіріп, Павлодар облысының әкімі атынан бірқатар қызметкерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады.

 

Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов өз сөзінде Республика күнінің мемлекеттілікті нығайтудағы, отандық білім мен ғылымды дамытудағы тарихи маңызын атап өтті. Сондай-ақ университетке жергілікті атқарушы орган тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ерекше тоқталды. Осы қолдаудың арқасында университет базасында Tomorrow School мектебі ашылып, AI-Lab зертханасын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге қаржы бөлінді. Бұл бастамалар жастардың IT саласында дамуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді.

 

Салтанатты жиында университет қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

 

Кеш университеттің шығармашылық ұжымдары мен талантты студенттері дайындаған «Тарихтан болашаққа» атты жарқын концерттік бағдарламамен жалғасты. Патриоттық қойылымдар, дәстүрлі музыкалық және хореографиялық нөмірлер көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлап, Қазақстанның тарихы мен болашағына деген мақтаныш сезімін ұялатты.