2026 жылғы 20 шілдеде Торайғыров университетінде «Algorithm and Programming Teaching with Flipped Learning: A Higher Education Study» тақырыбында халықаралық воркшоп өтті. Іс-шараны Түркия Республикасындағы Аксарай университетінің профессоры Джелал Караджа (Celal Karaca) жүргізді. Воркшоптың модераторы университеттің стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректоры Салтанат Советовна Аубакирова болды.
 
 
Воркшопқа Computer Science факультетінің оқытушылары, магистранттар, Цифрлық даму және жасанды интеллектті енгізу департаментінің, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкерлері қатысты. Қатысушылар жоғары білімді цифрландырудың заманауи тәсілдерін, білім беру ортасына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін, университеттің цифрлық экожүйесін дамыту бағыттарын және AI құзыреттерін дамыту мен жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне кіріктіруге бағытталған AI Sana бағдарламасын іске асыруда халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
 
 
Баяндама барысында профессор Джелал Караджа алгоритмдер мен бағдарламалауды оқытуда Flipped Learning (төңкерілген оқыту) моделін қолданудың практикалық тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ ол оқытудың тиімділігін арттыруға, студенттердің оқу үдерісіне белсенді қатысуын күшейтуге және практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық білім беру құралдарының мүмкіндіктерін таныстырды.
 
 
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырған пікірталас барысында білім беру үдерісінде жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде қолдану, оқу қызметіне AI құралдарын енгізу және ұсынылған халықаралық тәжірибелерді AI Sana бағдарламасын жүзеге асыру барысында пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды. Кездесу соңында қатысушылар кәсіби тәжірибе алмасып, Торайғыров университетінің білім беру ортасын одан әрі цифрландырудың және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың келешегін талқылады.