«Баянтау» спорттық-сауықтыру лагері базасында Күміс университеттің Көкшетаудан келген тыңдаушыларына арналған «Дәрілік шөптер» жазғы мектебі өтті. Іс-шара Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды.
Жазғы мектеп бағдарламасы білім беру сабақтарын, тәжірибелік зерттеулерді, экскурсияларды, сондай-ақ денсаулықты нығайту мен белсенді ұзақ өмір сүруге бағытталған іс-шараларды біріктірді.
Бағдарламаның маңызды бөлімдерінің бірі – Агротехнология кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент) В. Камкиннің шеберлік сабағы болды. Оқытушының жетекшілігімен қатысушылар Баянауыл өңіріндегі дәрілік өсімдіктердің алуан түрімен танысып, олардың табиғи ортадағы ерекшеліктерін зерттеді, экологиялық соқпақ бойымен серуендеп, Торайғыр көлі маңындағы қандағаш орманын аралады.
Мазмұнды экскурсиялық бағдарлама тыңдаушыларға Баянауылдың табиғи және мәдени көрікті жерлерін танып-білуге мүмкіндік берді. Үздіксіз білім беру институтының директорының міндетін атқарушы А. Қуатова мен әдіскер А. Қажыбаеваның жетекшілігімен қатысушылар Қоңыр Әулие үңгірін, Кемпіртас жартасын, Жасыбай және Торайғыр көлдерін, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп кесенесін тамашалады.
Ұйымдастырушылар тыңдаушылардың эмоциялық саулығына да ерекше көңіл бөлді. Олар үшін танысуға арналған интерактивті ойындар, Сабындыкөл жағасындағы арт-терапия сабақтары және лагерь аумағын қызықты форматта танып-білуге әрі уақытты достық атмосферада өткізуге мүмкіндік берген фото-бинго ұйымдастырылды.
Жазғы мектеп жаңа білім алуға, еркін пікір алмасуға және белсенді демалысқа арналған тиімді алаңға айналды. Қатысушылар Баянауыл өңірінің қайталанбас табиғатымен жақынырақ танысып, жергілікті дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеттері туралы мол мағлұмат алып, ортақ қызығушылықтағы жандармен бірге мазмұнды уақыт өткізді.
Жазғы мектептің жабылу салтанатында барлық тыңдаушыларға қатысқаны туралы сертификаттар табысталып, белсенді өмір салтын қолдауға арналған скандинавиялық жүріс таяқшалары мен Торайғыров университетінің имидждік өнімдері сыйға берілді.








