Торайғыров университетінде «6В020302 – Орыс филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.
Зияткерлік додаға еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындарынан жоғары оқу ішілік кезеңдердің жеңімпаздары атанған студенттер қатысты. Қатысушылар орыс тілі мен әдебиеті саласындағы терең білімдерін, жоғары дайындық деңгейін, сондай-ақ дамыған аналитикалық және шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Олимпиада үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші тур аясында қатысушылар мәтінге кешенді лингвистикалық талдау жасап, тілдік бірліктерді саралады, тарихи түсініктеме беріп, жалпы тіл білімі бойынша теориялық сұрақтарға жауап берді.
Екінші тур әдебиетке арналды және поэтикалық мәтінді тұтас талдауды, сондай-ақ орыс сөз өнері шеберлерінің шығармашылығы туралы эссе жазуды қамтыды. Қорытынды кезең – «Визитка» шығармашылық байқауы – қатысушыларға өз оқу орындарын ерекше форматта таныстыруға мүмкіндік берді. Қойылымдар мәдени жады мен мұраның қазіргі қоғамдағы рөлі тақырыбына арналды.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеке есептегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Бірінші орынды Аделина Граблева (М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) иеленді. Екінші орынды Варвара Чайковская мен Елена Накоскина (ММУ) бөлісті. Үшінші орынға Дариға Бұтабаева (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), сондай-ақ Александра Идт пен Владислава Михайлова (академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті) ие болды.
Командалық есепте бірінші орынды М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының командасы (380 балл) иеленді. Екінші орынды академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің (229 балл) және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (214 балл) командалары бөлісті. Үшінші орын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (207 балл) және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің (149 балл) командаларына бұйырды.
«Визитка» шығармашылық байқауының қорытындысы да жеке шығарылды. Бірінші орынды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің командасы иеленді. Екінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының командалары бөлісті. Үшінші орын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің командаларына берілді.
Олимпиада соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және марапаттармен наградталды. Салтанатты жабылу рәсімі іс-шараның жарқын қорытындысына айналды.
Мұндай олимпиадаларды өткізу академиялық ұтқырлықты дамытуға, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және филологиялық білім беру саласындағы дарынды студенттерді қолдауға ықпал етеді.








