Қоғамдастықпен есеп беру кездесуі аясында ТoU ректоры Нұрлан Медетов оқу орнының білім беру және ғылыми инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың ағымдағы нәтижелерімен таныстырды. Аталған бастамалар практикалық бағыттағы оқытуды күшейтуге және заманауи академиялық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Торайғыров университетіндегі молекулалық физикажәне синхронды аударма кабинеттері, Podcast-студиясы жабдықталып, олар студенттердің қолданбалы және кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға арналған практикалық алаңдарға айналды.
Erasmus+ бағдарламасымен бірлескен қаржыландыру аясында іске қосылған агроэкология ғылыми-зерттеу зертханасы профессор Виктор Камкиннің ғылыми жетекшілігімен қызмет атқарып, тұрақты жер пайдалану, экология және аграрлық технологиялар бағыттарында қолданбалы зерттеулер жүргізуге бағдарланған. Аталмыш лаборатория Торайғыров университетінің зерттеу әлеуетін арттырып, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды нақты ғылыми жобаларға тартуға, сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кабинетке ерекше мән берілді. Бұл кеңістік университеттің рухани-идеялық мазмұнын айқындайтын символдық орталық болып табылады. Университет үшін бұл кабинет тәрбиелік жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі әрі ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін идеологиялық алаң болып саналады.
Кездесу барысында оқу кеңістіктерін таныстыруға назар аударылды.
Қоғам белсенділері синхронды аударма кабинетінде болып, болашақ мамандардың кәсіби ортаға барынша жақын жағдайда ілеспе аударма технологияларын меңгеру үдерісімен танысты.
«Журналистика» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған «Talk ToU»подкаст-студиясы ұсынылды. Бұл студияда білім алушылар подкасттар, сұхбаттар және түрлі медиаконтентәзірлеп, көпшілікпен коммуникация жасау мен цифрлық журналистика саласындағы практикалық дағдыларын жетілдіреді. Сондай-ақ инжинерлік бағыттағы білім алушыларға практикалық және зертханалық сабақтар өткізуге арналған молекулалық физика кабинеті таныстырылды.
Диссертациялық кеңестер мен Ғылыми кеңес отырыстарын өткізуге, сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың оқу және ғылыми қызметін қамтамасыз етуге арналған А101 аудиториясы заманауи академиялық талаптарға сай жабдықталып, сонымен қатар Қазақ зиялыларының ЖИ агенттігі құрылды.
Аталған интеллектуалды платформа жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім мен ғылымды жастар арасында кеңінен насихаттауға, академиялық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Германия Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылған «EcoGarden – Жер дауысы» жобасы аясында университеттің бірінші қабатында студенттерге арналған экологиялық аймаққа (экобақ) да назар аударылды. Бұл кеңістік студенттердің демалуына ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және университетте тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған маңызды орта ретінде қызмет етеді.
Жүзеге асырылған және алдағы уақытта жоспарланған барлық өзгерістер Торайғыров университеті үшін стратегиялық маңызға ие. Осы орайда ректор Нұрлан Медетов алдағы кезеңде жүзеге асырылатын негізгі міндеттердің бірі ретінде материалдық-техникалық базаны жаңарту және пәнаралық зертханалар құру арқылы оқу мен ғылымды дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін атап өтті.









