Торайғыров университетінде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған пікір алаңы өтті. Шараға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, университет профессорлары мен студенттер қатысты.
Қонақтарға университеттің ғылыми-зерттеу әлеуеті, атап айтсақ, Е. Бекмаханов атындағы өлке тарихы және этнографиясы ғылыми-практикалық орталығында жарыққа шыққан еңбектер мен «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры, ф.ғ.к. Серік Елікбаевтың еңбектері, агротехнологиялық бағыттағы лабораториялары таныстырылды. Сондай-ақ, «ANTIPARACRAFT» республикалық байқауының жеңімпаздары өз жобаларын таныстырып, қатысушылармен пікір алмасты.
Пікір алаң аясында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ төраға орынбасары, ф.ғ.д., академик Бейбіт Мамраев жастардың құқықтық сауаттылығы жемқорлық тәуекелдерін азайтатын маңызды ресурс екеніне ерекше тоқталды.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин әділдік пен заң үстемдігін құрметтеу – қоғам дамуының басты шарты екенін жастарға жеткізді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу жұмысы бойынша басшының орынбасары Галиасқар Қасымов алаң жұмысына белсенді қатысып, адалдық пен ашықтық құндылықтарын орнықтыру мақсатында университетте қаржылық мониторинг кабинетін ашу жоспарланғанын хабарлады. Торайғыров университетінің Комплаенс-қызметінің басшысы Жанна Матенова мен Экономика және құқық факультетінің деканы Юрий Колесников оқу орнындағы ашықтық пен есептілікті күшейту бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Пікірталас барысында профессорлар мен студенттер өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы әділдік пен заңдылықты нығайтуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Шара жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған мазмұнымен ерекшеленді.







