Павлодарда тамақтану, қонақ үй бизнесі, мейрамхана сервисі және туризм саласындағы жұмысшы мамандықтарына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оны Торайғыров университеті мен Павлодар сервис және тамақтану колледжі ұйымдастырды.
 
Конференция Қазақстан, Ресей және Германиядан келген оқытушыларды, студенттерді, колледждердің, жоғары оқу орындарының өкілдерін, жұмыс берушілерді және қонақжайлылық индустриясының сарапшыларын жинады. Кездесуді ToU ғылыми жұмыс және зерттеулерді коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрлан Ержанов ашты. Ол жоғары оқу орындары мен колледждер арасындағы туризм, сервис және тамақтандыруды ұйымдастыру салаларына мамандар даярлаудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
 
Павлодар сервис және тамақтану колледжінің директоры Г. Шугабаева қонақ үй және мейрамхана сервисі, тамақтандыруды ұйымдастыру және туризм мамандықтарының дамуы туралы айтып, колледждің өңірлік құзыреттілік орталығы ретіндегі рөлін атап өтті. Германиядан келген сарапшы Хелен де Вольф Павлодар сервис және тамақтану колледжімен халықаралық әріптестік тәжірибесімен бөлісіп, оқытушылар мен студенттердің кәсібилігінің жоғары деңгейін, сондай-ақ тәжірибеге бағдарланған оқытудың маңыздылығын атап өтті. Кездесуде сөз сөйлегендердің арасында бизнес өкілдері мен жұмыс берушілер, оның ішінде "Крендель" ЖШС бас директоры М. Музапарова өңірдегі кондитерлік және мейрамхана ісінің даму перспективалары туралы айтып берді.
 
Пленарлық баяндамаларда WorldSkills стандарттарын кадрларды даярлау жүйесіне енгізу, дуальды білім беруді дамыту, тамақ өнеркәсібінде оқу процесін цифрландыру және тұрақты технологиялар мәселелері талқыланды. Қазан, Ақтау, Алматы және Павлодар қалаларының онлайн-спикерлері кәсіби оқытудың халықаралық тәжірибелері, энергия үнемдейтін технологиялар, туристік брендтерді қалыптастыру және қонақ үй өнімінің сапасын қамтамасыз ету туралы баяндамалар ұсынды.
 
Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар WorldSkills Kazakhstan және Caspian Center қолдауымен Павлодар сервис және тамақтану колледжінің базасында ұйымдастырылған шеберлік сыныптарына қатысты. Бағдарлама соңында Павлодар сервис және тамақтану колледжінің базасында Торайғыров университетінің география және туризм кафедрасы филиалының салтанатты ашылуы өтті.