Торайғыров университетінің өкілдері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Eurasian Silver Forum: белсенді ұзақ өмір сүру және 50+ білім беру» халықаралық форумына қатысты. Диалог алаңында «Күміс университеттер» қозғалысын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

 

Форумға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Халықаралық үшінші жастағы университеттер қауымдастығының (AIUTA) президенті, Тулуза университетінің профессоры Франсуа Веллас, AIUTA басқарма мүшесі, Братиславадағы Экономикалық университет жанындағы аға буынға білім беру университетінің директоры, профессор Янка Себера Хладецка, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, Қазақстанның Күміс университеттер қауымдастығының президенті Марат Сырлыбаев және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

 

Талқылау алаңында Торайғыров университеті егде жастағы азаматтарға арналған білім беру саласындағы өз бастамаларын таныстырды. Университет ректоры Нұрлан Медетов «Күміс университеттер» бағдарламасын дамытуға белсенді үлес қосуға, сондай-ақ осы бағыттағы халықаралық ғылыми және білім беру жобаларына қатысуға ниетті екендігін жеткізді.

 

Форум қорытындысында AIUTA мен Торайғыров университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жақын арада Торайғыров университеті Қазақстандық Күміс университеттер қауымдастығына да мүше болуды жоспарлап отыр. Бұл – белсенді әрі ұзақ өмір сүру, қоғамға қызмет ету, үздіксіз білім алу және инклюзивті қоғам құру идеяларын қолдаудағы тағы бір маңызды қадам.