Торайғыров университетінде биология ғылымдарының докторы, биология және экология кафедрасының профессоры Қанат Ахметовтың 63 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараға ғалымның әріптестерімен қатар, Павлодар облысы бойынша ұлттық сараптама орталығының директоры Марат Айғазинов, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева арнайы қатысты. 
- Қанат Қамбарұлы өнегелі өмірін ғылымға арнады. Бүгінгі күнге дейін осы қызметіне адал. Мамандығына деген адалдығы, даналығы мен кез-келген оқиға, жағдайға қатысты жеке көзқарасының болуы – құрмет тұтар қасиеттер. Біз Қанат Қамбарұлын мақтан тұтамыз, құрметтейміз. Әріптесіміздің ғылым мен қоғамның дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Павлодарлықтарды алаңдатқан шыбын-шіркей мәселесін еске алсақ. Қанат Қамбарұлы жылдар бойы жұртты мазалаған осы жәндіктерді азайту мәселесімен айналысты. Ғылыми сүйемелдеу жұмысын жауапкершілікпен атқарды. Бүгінде бұл қызметпен оның шәкірттері айналысып жатыр, - деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов. 
Қанат Ахметов – 140-тан астам ғылыми жұмыстың авторы. Сонымен қатар,  халықаралық ғылыми конференцияларға белсенді қатысады, халықаралық гельминтологтар қауымдастығы (ICOPA) мен Ресей гельминтологтары қоғамының мүшесі ретінде де танымал.