Ашық республикалық әдістемелік семинардың екінші күні Торайғыров университетінде отандық ЖОО, Ғылым және жоғары білім беру министрлігі, Болон процесі және академиялық мобильділік орталығы, ірі жұмыс берушілердің өкілдері дөңгелек үстел басына жиналды. 

Кездесуді Болон процесі және академиялық мобильділік орталығының директоры Айдос Мұхатаев ашты. Ол жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының жобасымен таныстырды. Жоба жоғары оқу орнынан кейінгі және жоғары білім беру реформаларын сүйемелдейді. Бұл жұмыстың негізгі миссиясы - елімізде жоғары білім беру сапасын арттыру. 
 

BTS-Education  компаниясы басшысының орынбасары Ербол Молдақасымов Қазақстанда жаңа дәуір мамандарын оқыту үшін бірнеше жыл бойы қолданыстағы оқу бағдарламаларын жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын еске салды. Павлодар облысында бірінші пилотты жаңа мамандықтар атласы әзірленді, оған бұрын болмаған 43 мамандық қосылды. Атласты әзірлеуге "Атамекен" ұлттық палатасының өкілдері атсалысты. Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Ажар Абылғазинаның айтуынша, облыстық кәсіпкерлік палатада  жоғары оқу орындарының өзара байланыста болуына мән беріледі. Сондықтан, дуалды білім беру қолдау тауып, студенттер үшін қысқа мерзімді курстар өткізіледі. 

ТоU ректоры Еркін Садықов университетте "Машина жасау және реверс-инжениринг" және "Өнеркәсіптік робототехника және автоматтандыру" мамандықтары бойынша енгізілген инновациялық оқу бағдарламаларына тоқталды. Олар қолданыстағы бағдарламалар базасында әзірленді. Бір қызығы, модернизациядан соң бағдарламаларды меңгеруге ниет білдіргендер қатары екі есеге артты. "ERG Service" ЖШС бас технологы Зарина Әлжанова, "Проммашкомплект" ЖШС қоғаммен байланыс және ұжым жөніндегі директоры Даниэль Болатқұлов және «Incom Company»  ЖШС басшысы Сергей Починок инновациялық бағдарламалардың нақты секторға берер пайдасы туралы ой өрбітті. Бұл кәсіпорындар инновациялық оқу бағдарламаларын әзірлеу мен енгізуге көмектесті.
    
Дөңгелек үстел жұмысына Ланкастер университетінің аға ғылыми қызметкері  Наталья Радько да қатысты. Маман оқу жүйесін құрудың ұлыбританиялық тәжірибесі туралы айтты. Шетелдік оқу түрлерінің бірі - 
Placement. Оны Қазақстанда қолдануға болады. Бағдарлама аясында студент бір жыл бойы өндірісте жұмыс істеп, академиялық кредиттер алады. Тағылымдама  немесе тәжірибеге ұқсас үрдіс. 
Болон процесі және академиялық мобильділік орталығы басқармасы басшысының орынбасары Амина Мұхамбетова инновациялық оқу бағдарламаларды әзірлеу реті мен сараптаманы ұсынды. Ол жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі жаңа оқу бағдарламаларын жасауға шығармашылық тұрғыдан қарауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша Торайғыров университетінің тәжірибесіне тоқталды. 

Дөңгелек үстелден соң қатысушылар интерактивті семинарға қосылды. Топтар жоғары оқу орындарының түлектерін сипаттады. Нақты кейстердегі стратегия мен миссиялар ескерілді. Түлектің өзіндік моделін 12 команда таныстырды.