Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген журналист, КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, педагог Жұмасейіт Қоғабайұлы Бижанов өмірден озды.

Қазақтың алыстағы алақандай ғана ауылынан шығып, алқалы елдің ардақтысына айналып, ерекше атақ пен даңққа кенеліп, аса сый-құрметке бөленіп, ғибратты ғұмыр кешіп, артына өшпестей із қалдырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген тұлғалық қасиеті мол, ерекше жан еді. Ол 1940 жылы Краснокутск ауданы, Шұға ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын «Орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын сегізжылдық мектеп мұғалімі болып бастады. Туған ауыл мектебінде біраз  уақыт  жұмыс  істеп,  1968  жылы «Білім қоғамының» жауапты хатшысы болып сайланды. 1970 жылдан 1972 жылға дейін аудандық атқару комитетінің әр түрлі лауазымдарында еңбек етті. 40 жылдан астам өмірін журналистикаға арнады. Краснокутск аудандық кеңесіне депутат болып сайланды (1972-1974 жылдары), аудандық партия комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі болды. 1974 жылы «Вперед-Алға» Екібастұз аудандық газеті редакторының орынбасары    болып тағайындалды. 1978 жылы Ж.Қ.Бижанов Алматы жоғары партия мектебін бітірді. Ал 1979 жылдан 1997 жылға дейін Павлодар облыстық телевизиясында жұмыс істеді. 1998 жылы Павлодар облысы әкімі аппаратының қоғаммен байланыс бөлімінің кеңесшісі болып тағайындалды. Түрлі экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени оқиғаларды жариялаған.  2000 жылдардың басында облыстық телеарнаның үйлестіруші редакторы болды. 2005 жылдан бастап оқытушылық қызметпен айналысып, өз тәжірибесін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттеріне бере бастады. Сонымен қатар публицистикамен айналысты. «Замандастар тағылымы», «Ардақты елім - Ақтоғай» кітаптарының, «Дала уәлаяты» газетінің, «Көзқарас» кітаптарының авторы. Жұмасейіт Қоғабайұлы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен, Кеңес Одағы теледидары мен радиосының үздігі белгісімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, КСРО Мемлекеттік теледидары мен радиосының, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ көп жылғы адал еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Сонымен қатар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, С.Торайғыров алтын медалінің  және  Павлодар  облысының 75 жылдығына арналған мерейтойлық медальдің иегері. Жұмасейіт Қоғабайұлының отбасы мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Оның тамаша адам және жолдас, дана тәлімгер ретіндегі жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.  «Торайғыров университеті» ҚЕАҚ Жұмасейіт Қоғабайұлының ерен еңбегін келер ұрпақты тәрбиелеудегі өзіндік қадір-қасиеті бөлек ұлағатты істерін мәңгі есте сақтайды.