Облыстық семинар: «Кітапханалық қызметте заманауи тәсілдерді пайдалану»
2012 жылдың 28 тамызында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің академик С. Бейсембаев атындағы Ғылыми кітапханасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ЖОО, колледждер мен лицейлердің кітапханашыларына арналған облыстық семинар өтті. Семинар мұғалімдердің тамыз конференциясының шеңберінде «Кітапханалық қызметте заманауи тәсілдерді пайдалану» тақырыбына өткізілді.
Семинар қаламыздағы байырғы оқу орындарының бірі Машинажасау колледжінде өтті. Облысымыздың әр аймақтарынан жиналған кітапханашылар семинар барысында 2012-2013 оқу жылында кітапхана қызметінің жаңа талаптарға сай міндеттері мен негізгі бағыттарын талқыға салды.
Бүгінгі күнде барлық колледждер мен лицейлердің кітапханалары жаңа компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілгені анықталды. Дегенмен оқырмандардың іздеген материалдарын тез тауып, уақытын үнемдеуге қажетті кітапханалық бағдарламалардың әлі күнге дейін жоқтығы кітапханашылардың басым көпшілігін қынжылтты. Оған себеп қаржы мәселесі.
Осы мәселенің шешімін табу мақсатында әдістемелік орталықтың кітапханашылары Т.А. Абильдинова мен Е.А. Смирнова осы жылдың мамыр айында Қарағанды қаласындағы Экономикалық университетінің ғылыми кітапханасында болған іссапар жөнінде әңгімелеп, электрондық презентация жасады. Аталмыш оқу орнындағы кітапхананың техникалық жабдықталуының өте жоғары деңгейде екеніне жиналған кітапханашылар көз жеткізіп, оқырмандарға жаңаша қызмет көрсетудің үлгісімен танысты. Сондай-ақ оқу орындары кітапханаларына арнайы дайындалған «Кітапханалық іс» бағдарламасының жұмысымен танысып, кемшіліктері мен тиімді тұстары жөнінде өзара пікірлерімен бөлісті.
Бұдан кейін де семинар өз жалғасын тауып, әдістемелік орталықтың меңгерушісі Б.С. Әлжанова өткен оқу жылындағы жұмыс жоспарының орындалу барысына талдау жасады және алдағы оқу жылында жасалатын жұмыстар бойынша ұсыныстар жасады.
Сонымен қатар семинарға қатысушылар жұмыс бабына байланысты кездесетін әр түрлі сауалдар қойып, әдістемелік кеңестер алды. Әдістемелік орталықтың бас маманы А.Т. Ергожинаның дайындаған кәсіби басылымдар бойынша әдеби шолулары мен кітапханалық сайт жасау жөніндегі әдістемелік нұсқаулығы көмекші құрал ретінде электрондық түрде таратылып, келесі өткізілетін семинар тақырыбын анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді.
Семинар соңында кітапханалық қызметте заманауи тәсілдерді пайдалана отырып, кітапхана жұмысын толық автоматтандыруға көшіру, уақыт талабына сай жұмыс жасау жөнінде пайдалы кеңестер мен нұсқаулар алған кітапханашылар, осындай облыс көлемінде жұмыс жасап жатқан әдістемелік орталықтың жұмысына ризашылықтарын білдіріп тарқасты.
Ақпаратты дайындаған:
Академик С. Бейсембаев атындағы Ғылыми кітапхананың әдістемелік жұмыстар бөлімінің бас маманы А.Т. Ергожина