Г. К. АМАНОВА

Павлодар қ., С. Торайгыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасы

Әдебиет туралы мыңдаған кітаптар мен мақалалар жазылған, ал оны оқу туралы – кем де кем. Ал бұл құбылыстарды бөліп жару мүмкін емес. Оқусыз кітап – бұл қағаз үйіндісі ғана. Әдебиетсіз оқу – таза механикалық құбылыс. Олар тек бірге ғана жанданып, мәдениеттілікке айналады.

Оқу дегеніміз – бұл кітап мазмұнымен танысу, автордың кітаптағы ойын ұғыну. Оқу – бұл графикалық белгілермен берілген басқа біреудің ойын меңгеру.

Кез келген адам, ақыл иесі ретінде, өмір сүруге және оған қоса өзінің білімін жетілдіріп отыруға міндетті. Кітап ең мықты ой иелерінің ойластырып, құрастырғандарының жақсысын береді. Сондықтан оқу әр адам үшін қажет, оқусыз өмір мағынасыз өмір болып қалады. Конфуций: «Ойланбай оқу – бекер еңбек; оқымай ойлау – қауіпті,» - деген. Ал Сенека: «Қорғанды оқудан ізде, сен өмірдің барлық қайғы-қасіретінен құтыласың. Күндіздің қамы түнде күрсіндіруін қояды, сен өз-өзіңе масыл және басқаларға пайдасыз болмайсың,» - деп жазған.

Кітап, бізді көбірек алғыр ойлауға баулып, албырт сезімді тежеуге, ішкі ойлау күші арқылы біздің барлық ойлау және сезіну қабілетімізді қалыптастыратын сезім тәрізді ми гимнастикасы болып табылады (Пьер Гито Вокелен). Кітап – ол дос, жұбатушы, басшы, біздің түсініксіз және белгісіз болып қалған ойымыз бен сезімімізді қалыптастыруға көмекші; кітап өзінің мазмұнымен нәр татқызып, рухани қолдау береді.

Біздің қызметіміздің әр күні, барлық азаматтардың мемлекет өміріне саналылықпен және шығармашылықпен қатысуының маңыздылығын дәлелдейді. Ал ол қоғамымыздың әр мүшесінің мәдениеттілік деңгейін көтеру мен өздігінен білім алуда және көзқарасын қалыптастыруда көбірек өзіндік шығармашылық танытуын талап етеді. Өздігінен білім алу, ой-өрісін жетілдіру – ол тек қана ғылым, әдебиет, мәдениет құндылықтарын өздігінен оқып білу ғана емес, сондай-ақ өзін тәрбиелеу әдістемесі бойынша қажетті білім алу, теорияны практикамен байланыстыра білу, жаңалықтарды күнделікті өмірге белсенді түрде енгізу.

Өздігінен оқу өздігінен білім алудың ең қолайлы жолы, ал кітап – ой еңбегінің әлде қайда кең таралған құралдарының бірі болып табылады. Бүгінгі күндерге шейін  А. С. Пушкиннің оқу – ол ең жақсы білім деген ойы өзінің мағыналық тереңдігін жоғалтқан емес.

Кітап адамды бүкіл өмірлік жолында қолдап жүруі керек: мектепке дейін отбасында, қазіргі кезде отбасылық оқу дәстүрін қайта жаңғырту тектен тек емес, отбасының үлкен мүшелері баланы балалар әдебиетімен таныстырғанда, оқуға деген сүйіспеншілік пен қызығушылығын оятады; мектепте, жоғары оқу орнында кітаппен жұмыс істеу алдыңғы уақытта ғылыми, көркем әдебиетті өздігінен оқуға баулиды. 

Дегенмен кез келген адам, әсіресе жастар арасында дұрыс кітап оқуды біле бермейді, оқу мәдениеттілігінің элементтерімен таныс емес. Оқудың қарапайым дағдылары, әрине, кез келген сауатты адамға тән, бірақ бұл дағдылар біз оқу ретінде түсінетін өте күрделі шығармашылық процестер үшін тек негіз бола алады. Кейбіреулер оқуды тек көңіл аулау деп түсінеді. Оларды әдетте сюжет бойынша не болып жатқаны немесе не болатыны қызықтырады, бірақ  оқиғаның қалай суреттелгеніне, автордың қандай ой қозғағаны, суреттеушінің шеберлігіне көңіл аудармайды. Кейбіреулер ғылыми және техникалық әдебиеттерді оқуды және жұмыс істеуді білмейді. 

Кітаппен шындап жұмыс істей алмау біреулердің кітапқа деген сүйіспеншілігін мұқалтса, енді біреулерді жүйесіз, ойланбай оқуға әкеліп соқтырады. Сондықтан, басылған шығарманы дұрыс пайдаланып, одан неғұрлым көбірек пайда, сабақ алу үшін бір ғана оқудың техникалық  дағдысы жеткіліксіз. Ол үшін оқу мәдениеттілігін игеру керек.

Әр заманда «оқу мәдениеттілігі» көпмағналы ұғым ретінде әр түрлі түсіндіріліп келді. Солардың кейбіреуін қарастырайық,. Н. Е. Добрынина заманауи әлеуметтік мәдени жағдайда оқу мәдениеттілігін үш нәтиженің қосындысынан шыққан қызмет түрі ретінде: «ол туралы басылым көзі мен ақпаратқа айналдыруды дәлелдеу сферасымен байланысты, предфаза; мәтінмен тікелеу қарым-қатынасқа түсетін фазалар, оларды ұғыну (қабылдау, түсіну) мен постфаза, оқу нәтижесімен анықталатын (тақырыпты түсінумен, оқырман қызығушылығын жетілдірумен, оқылған шығарма туралы өз-ара пікірлесумен, қабылданған ақпаратты өмірдің әр түрлі саласында пайдаланумен)» түсіндіреді [ 1 ].

«Кітапханалық энциклопедияда» келесі анықтамаларды табуға болады: оқу мәдениеттілігі – «оқу процесін тиімді ұйымдастыруға арналған білімдер, шеберлік, дағдылар жиынтығы, оның қоғам маңыздылығына бағытталуын жүзеге асыру және басқа мақсаттар; жеке тұлғаның ақпараттық мәдениеттілігінің бір құрамбірлігі» [2].

«Оқу мәдениеттілігі туралы» (1969) кітабының авторы А. П. Примаковский оқырмандарға кітаппен жұмыс істеудің көп шығын шығармайтын, бұл күнде өзекті болып табылатын қарапайым шараларын, әдіс-амалдарын ұсынуға тырысты. Өйткені қарапайым және қолайлы әдістер жүзеге асыру барысында бағалы да дұрыс нәтиже береді. Өз кітабында ол оқу мәдениеттілігіне мынадай түсініктеме береді – «бұл техника жетістіктерін және ой еңбегі гигиенасын есепке ала отырып, оқу және кітап мазмұнына, оқу  мақсатына, уақытына байланысты кітаппен жұмыс істеудің әртүрлі әдістерімен дұрыс ұйымдастырылған оқу. Одан әрі ол «оқу мәдениеттілігі мәтінді дұрыс түсінуге жоғары талап қойылуымен, оған қажетті анықтамалық әдебиеттерді (сөздіктер, энциклопедиялар, көрсеткіштер және т.б.) пайдалана білумен түсіндірілетіндігін» ескертеді. Оқылғанды түсінуде - оқырманның үнемі ана тілін, сондай-ақ шет тілдерін тереңдетуге тырысуы, өзінің сөздік қорын, ойын терминдермен байыту, есімдер мен атаулардың тарихына, шығу тегіне үңілу (ономастика), ұғымдар мен белгілердің және т.б. шығу эволюциясы  тәрізді тіл мәдениеті үлкен рөл атқарады. [3].

«Кітапхана ісі» оқулығының авторы оқу мәдениеттілігіне мынадай сипаттама береді. «Оқу мәдениеттілігі» ұғымы кітапханалық этиканың қарапайым элементтерін қамтиды, мысалы: кітап парағын бүктемеу, белгілер жасамау, кітапты тиісті мерзімнен артық ұстамау. Дегенмен олар негізгі анықтауыштар емес. Оқу мәдениеттілігі алдымен оқуға деген дұрыс көзқарас қалыптастырудан, оқырманның кітап арқылы әлемді танып және оқудан өзіне пайда алуға тырысуынан басталады. Басқаша айтқанда, оқырман кітапты жеңіл уақыт өткізу үшін емес, өздігінен білім алып, өз еңбегін ұйымдастыруға және жетілдіруге пайдаланғаны жөн. Оқудың зор мәнін түсіне отырып, ол көркем әдебиетпен ғана шектеліп қоймайды, өзінің мәдени ой өрісін кеңейту мақсатында ғылыми кітаптар оқып, өндірістік біліктілігін көтеру үшін арнайы әдебиеттерді қадағалап отырады.

Сонымен, жан-жақтылық – оқу мәдениеттілігінің келесі ерекшелігі  болып табылады. Оның үстіне мақсаткерлік, жан-жақты оқу белгілі бір реттілік пен жүйелі түрде жүргізілген жағдайда жақсы нәтиже береді.

Жүйелілік, жоспарлық – оқу мәдениеттілігіне қажетті маңызды шарттар. Әдебиетпен танысудың тиімді принципі – жеңілден күрделіге біртіндеп ауысу болып табылады. Әрбір оқылған кітап мәліметтер өрісін кеңейтіп, тереңдетуге, одан алынған білімді бекітуге мүмкіндік береді [4].       

Оқу мәдениеттілігінің ерекшелігі ретінде оқылған мәліттерді түсіну, ең негізгісін, маңыздысын және бағалысын анықтап алуды ескерген жөн. Бұл ретте логиканы, заңдарды және дұрыс ойлау формаларын білу, оларды практикада пайдаланып, ойлау қабілетін тәрбиелеуде елеулі көмек көрсетеді [3]. Сонымен бірге, оқырманның неғұрлым тиімді және үнемді оқу үшін оқырманға кітаппен жұмыс істеудің техникалық дағдыларын білуі қажет. Мұндай дағдыларға: іштей оқу, өте баяу оқымау, оқылғанды жоспарлай білу, үзінділер мен ең қажетті мәліметтерді жазып алу, мәтінді конспектілеу (аңдату және рефераттау тәсілдерін), анықтамалықтар, энциклопедиялар, сөздіктер пайдалану жатады.    

Техникалық дағдылар оқырманға кітапты терең пысықтауға және есінде жақсы сақтауға көмектеседі. Сондықтан осындай дағдылар қаншалықты көп меңгерілсе, адам соншалықты жылдам оқиды және оқығанын жақсы түсініп алады. 

Оқу мәдениеттілігін көтеріп, оның тиімділігін арттыруда кітапханалық-библиографиялық  білімнің мәні зор. Яғни, оқырман кітапхана мүмкіндіктерін толық және сауатты пайдалануы керек. Кітапхана ұсынатын қарапайымнан дерек көздерінен бастап кітапханалық-библиографиялық  басылымдарға дейін: каталогтарды, библиографиялық көрсеткіштерді, оқу құралдарын, тізімдерді, кітапіші библиографиясын, ал қазір Интернетті қоса  пайдалана білген жөн. Осы кітапханалық-библиографиялық  білімнің барлығы оқырманға өздігінен қажетті әдебиеттер мен ақпаратты іздестіруде уақыт үнемдеу үшін қажет [4].

Ақпараттық қоғамның даму кезеңінде оқу мәдениеттілігі ұғымы «ақпараттық мәдениет» ұғымына кеңейіп, онда оқу мәдениеттілігі негізге алынады.

«Ақпараттық мәдениет» - білім, дағдылар мен ережелер, ақпараттық қызмет саласында жасалған және ақпарат пайдаланушыға ақпарат әлемін еркін меңгеріп, өзіне қажетті деректерді (құжаттарды) тұрған жеріне қарамай тауып, пайдалануға мүкіндік беретін жалпы мәдениеттің бір бөлігі» [2].

Оқу құралдарының авторлары (Т. А. Кудрина, Н. Б. Зиновьев, В. Минкина) ақпараттық мәдениеттілікті адамның білімінің, құндылықтарының, сенімінің, іс-әрекетін анықтайтын бағытының, жалпы қызметінің жиынтығы ретінде қарастырады: адамның ақпараттық мәдениеттілігін қалыптастыруда оның күнделікті тұрмыстық жағдайда бұқаралық коммуникациялардан, өздігінен білім алуда, отбасында, жұмыста оқу барысында алған білімі арқылы жүзеге асырады.  

Оқу мәдениеттілігі мен ақпараттық мәдениет проблемаларын алғашқы болып кітапханашылар көтергенін айта кеткен жөн. Ең бірінші ғылыми негізде оқырман мен кітапты зерттеуге қатысты сұрақтарға Н.А. Рубакин көңіл аударды. Ал «ақпараттық мәдениет» ұғымы қолданылған алғашқы еңбектерге библиограф К. М. Войхановскаяның, Б. А.Смирнованың, Э. Л. Шапироның мақалалары жатады. Ақпараттық мәдениет және оқу мәдениеттілігінің әдістемелік мәселелерін зерттеуге үлес қосқан жетекші авторлар қатарына - М. Г. Вохрышева, Н. Г. Гендина, А. А. Гречихин, Н. Е. Добрынина, Н. В. Збаровская, Ю. П. Маркова, М. Д. Смородинскаяларды және т.б. жатқызуға болады.

Ақпарат және оқу мәселелерімен айналысатын мамандар ақпарат және оқу мәдениеттілігі деңгейінің құрамына әр бір адам қабілетті болуға тиіс қызметтер жиынтығынан тұрады деп есептейді [5].

Шебер-оқырман келесі қабілеттерге ие болуға міндетті: танымдық, жобалық, конструктивтік, коммуникациялық, ұйымдастырушылық [6]. Сондықтан, оқу мәдениеттілігі – бұл оқырманның шығармаларды толыққанды таңдауына, қабылдауына және ұғынуына мүмкіндік беретін білім, шеберлік және дағдылар. Оларды білікті оқырман болғысы келетін әр бір адам меңгеруі қажет. Тұлғаның ақпараттық мәдениет құрылымында когнитивті, аксиологиялық, технологиялық элементтер ерекшеленеді [7].   

Аталған элементтерді ескере отырып, оқу мәдениеттілігі мен ақпараттық мәдениет ара қатынасы ортақ және ерекше екеніне көз жеткізуге болады [5].

Тұлғаның ақпараттық мәдениеті мен оқу мәдениеттілігін қалыптастыру бүгінгі күнде кітапханалар мен білім бері мекемелерінің тәжірибелік ісінде ең маңыздыларының бірін құрайды. Көптеген жоғары оқу орындарында: «Ақпараттық мәдениет негізі» атты пән жемісті жүргізіледі. Біздің университет қабырғасында бірнеше жыл бойы осы пән бойынша факультативтік сабақтар жүргізіледі. Кітапхана қызметкерлері студенттердің оқу мәдениеттілігі деңгейін анықтау мақсатында зерттеулер жүргізді, назарға 1 курс студенттері алынды. Зерттеу сауалнама түрінде жүргізілді. Зерттеу барысында: «Сіздің ойыңызша қазіргі қоғамда оқу беделді ме?» деген сұраққа 96% респонденттер ойдағыдай жауап берді.     

Оқудың себебі неде? Студенттер ой өрісін кеңейту үшін - 78%, сабаққа дайындалу үшін - 43% оқиды. Сауалнамадан өткендердің басым көпшілігі фильм көруді -56%,  басқа жұмыстармен шұғылдануды - 26%, кітап оқуды - 18% ұнататындары анықталды. Жылдам оқу техникасын меңгердіңіз бе деген сұраққа көпшілігі - 55% ойдағыдай жауап берді, ал оқу кезінде ұтымды әдістер мен түрлерін пайдаланасыз ба деген сұраққа көпшілігі жоқ деп жауап берді – 48%. Студенттердің кітапханаға бару, анықтамалық-іздестіру аппаратымен жұмыс жасай білу және қажетті ақпартты тауып, құжаттың библиографиялық сипаттамасын жасау туралы сұраққа респонденттердің басым көпшілігі ойдағыдай жауап берді.

Біздің студенттер мерзімдік басылымдарды оқи ма? Көпшілігі оқитыны анықталды: газет - 73%, журнал - 35%, мүлдем оқымайды -20%. Газеттер ішінде республикалық басылымдар: «Казахстанская правда», «Экспресс К», «Караван», жергілікті басылымдар: «Городская неделя», «Звезда Прииртышья», «Сарыарқа самалы», «Павлодарская неделя». Журналдар, көбіне жастарға арналған қоғамдық-саяси: «GooL», «Лиза», «Отдохни», «OOPS», «Glamour», «Молоток», спорт туралы және т.б.

Сабаққа дайындалуда студенттер дәстүрлі оқулықтарды пайдалануды ұнатады - 79%, дегенмен көпшілігі материалды меңгеруіне байланысты электрондық оқулықтарды пайдаланатындығын көрсетті. Бос уақыттарын студенттер телехабарлар көруге - 21%, кітап оқуға - 25%, компьютер ойнауға -16% және басқа істерге - 53 % арнайды. Көркем әдебиет оқуға жұмасына 2-ден 3 сағатқа дейін бөледі. Ерекше ықыласқа ие жанр – детективтер, қызықты оқиғалар, фэнтези. Дегенмен классикалық шығармалар, тариха романдар, лирика оқитындар да аз емес.  

Сүйіп оқитын шығармалары қатарынан Л. Н. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін», М. Ауезовтің «Абай жолын», І. Есенберлиннің «Көшпенділерін», М. Булгаковтың «Мастер және Маргаритасын», А. С. Пушкиннің «Евгений Онегинін», Джоан Роллингтің «Гарри Поттерін», Пауло Коэльо шығармаларын атады.

Қазіргі кездегі отандық әдебиеттің едәуір танымал жазушылары мен ақындары ретінде О. Сулейменов, М. Шаханов, Ә. Кекілбаев, ресей жазушылары - Д. Донцова, Б. Акунин, Т. Устинова, Толстая, Крутов, М. Жванецкий, шетелдік – Джоан Роллинг, П. Коэльо, Х. Мураками, Ш. Айтматовтарды атады.

Үйінде жеке кітапханасы бар ма деген сұраққа 78% - иә деп, 16% - жоқ деп жауап берді. «Одна страна, одна книга» жобасы шеңберінде, (бүкіл ел болып бір әдеби шығарманы бір мезгілде оқу) сауалнама кезінде студенттер келесі кітаптарды ұсынды: І. Есенберлиннің «Көшпенділерін», М. Ауезовтің «Абай жолын», Р. Сейсенбаевтың «День, когда рухнул мир», О. Сулейменовтың «Аз и Я», Д. Қонаевтың «Мое время», Н. Назарбаевтың кітаптары.

Зерттеу нәтижесі жаңа ғасырда жастар кітапты аз оқитын болады деген пессимистік көзқарасты жоққа шығарады. Жастар қазір – оқиды. Назарға әр түрлі жанрлар мен авторлар ілігеді. Әр түрлі технологиялардан да оқуға нұқсан келген жоқ, оқуға тек телевидение ғана бәсекелестік туғызады. Бірақ, жастардың бірер пайызы мүлдем оқымайтындығын атап өткен жөн.  Сұраққа жауап бергендердің ішінде өте аз пайызы кітаппен жұмыс істеу тәсілдерімен, жылдам оқу техникасымен, ақпартты ықшамдаумен таныс және библиографиялық материалдардың мүмкіндігін толық пайдалана алмау, библиографияның рөлін түсінбеу, іздестіру қызметінің жетілмеуі, қажетті ақпаратты дұрыс таба алмау мен ажырата алмау және т.б. кеңінен орын алады.

Кітапхананың алдында тағы да өз оқырмандарына кітаппен, ақпаратпен жұмыс жасауға көмектесу, оқу мәдениеттілігіне тәрбиелеу міндеті тұр. Жоғары оқу орындарының «ақпараттық мәдениеттілік негізі» пәнімен ғана шектеліп қоймай, кітапхана өзінің күнсайынғы жұмысында оқырмандармен жұмыс жасаудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып оқу мәдениеттілігін, өсіп келе жатқан жас буынды ақпараттық мәдениеттілікке тәрбиелеуге міндетті. 

Сонымен, оқу мәдениеттілігі – бұл қажет ақпаратты таба алуды, оны дұрыс түсініп және бағалай білуді, өзінің жан-жақты дамуына шығармашылықпен пайдалануды қоса ақпараттық мәдениет кеңістігіндегі қызмет стратегиясы болып табылады.


Әдебиеттер

1.    Добрынина, Н. Е. По ступеням культуры чтения/ Н. Е. Добрынина//Библиотековедение. - 2000. - №3. - С.53-57
2.    Библиотечная энциклопедия/ Рос. Гос. б-ка. - Изд-во РГБ «Пашков дом», 2007.-1300 с.: ил.
3.    Примаковский, А. П. О культуре чтения: методы самостоятельной работы с книгой в свете научной организации умственного труда/ А. П. Примаковский. - М.: Книга, 1969. - 158 с.
4.    Библиотековедение: учеб. пособие/ под ред. В. В. Серова, Е. В. Сеглина.-М.: Книга, 1972. - 384 с.-Т. 2.
5.    Пантюхова, Т. В. Читательская культура в обществе коммуникаций/ Т. В. Пантюхова// Библиотековедение. – 2008. - №3. – С. 61-64.
6.    Смородинская, М. Д. О культуре чтения/ М. Д. Сородинская, Ю. П. Маркова. - М.: Книга, 1984.
7.    Збаровская, Н. Информационная культура личности/ Н. Збаровская//Библиотечное дело. – 2005, - №1. - С. 7-8.