Өлкетану — 2007
Біздің аймақта «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ғылыми — зерттеу жұмыстарының орталығы болып отыр. Бағдарламаның аса бір маңызды бөлігінің бірі — жас ұрпаққа этникалық және мәдени құндылықтарды тереңдете зерттетіп, көптеген тарихи мұраларды жандандыру. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында университетімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның бірі — «Өлкетану» экспедициясы.
Биылғы шілденің 8-13 аралығында өткен «Өлкетану — 2007» экспедициясы Павлодар облысының 70-жылдығына арнап ұйымдастырылды. Экспедицияға біздің университеттің үздік студенттері қатысты.
Бағдарламаның мақсаты: Павлодар өңірінің аса көрнекті тұлғаларының есімдерімен байланысты мұражайлар мен мазарларға бару, тарихи мұраларды зерделеу және Павлодар өңірінің мәдениеті, этнологиясы, тарихы туралы деректерді кеңінен тарату, тарихи, этностық және мәдени құндылықтардың шындықтарына тереңдеу, қайта ойлап қорыту, танымдық дүниелерге студенттерді тарту болып табылады.
Күлімдеген жайдарлы шілденің сегізі күні «Өлкетану — 2007» экспедициясының алғашқы сапарына бет алдық. Бағытымыз: Ертіс өңіріне аты танымал, жерлес ақиық ақынымыз Ақтоғай ауданы Естай ауылындағы Естай Беркімбаев мазарына барып, аруағына бас идік. Осы күнгі келесі бағытымыз жезтаңдай әнші қызымыз қала сыртындағы Майра Шамсутдинованың зираты болды.
Екінші күні таң шапағы қылаң ата бастаған шақта киелі Баян жеріне жолға шықтық. Бағытымыз: Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мұражайы, Қаныш Сатпаев мұражайы, Мәшһүр-Жүсіп мұражайы және кесенесі.
Ең алдымен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мұражайды тамашалап, Баянауыл ауданындағы ең сұлу, ең тамаша табиғатымен саяхатшылардың назарын өзіне еріксіз тартатын көл Сабындыкөлге келіп тоқтадық. Бұл көлдің жібектей жұмсақ суына шомылған кезде жаның рахат табады. Осындай табиғат аясында университетіміздің «Баянтау» Демалыс үйі орналасқан. Сабындыкөл жағасында, қарағайлар арасында салынған демалыс кешені бәріміздің шаршағанымызды бір мезет ұмыттырып жіберді.
Демімізді басып, үшінші күн дегенде Қаныш Сатпаев мұражайына жол жүрдік. Содан кейін Баянауылдың әсем де, сұлу табиғат тартуын тамашалап, серуенге аттандық. Аптаған ыстықта Жасыбай көлінің рахатын кештік. Әсіресе, жаныңа Ұлылық сыйлайтын Баянауыл тауларына таңданып, сүйсіне көз тоқтаттық.
Төртінші күні киелі әулие бабамыз Мәшһүр атамыздың кіндік қаны тамған «Жаңажол» ауылында орналасқан мұражайына жол бастадық. Нақышына келтіріліп, қазіргі заманға сай безендіріліп өрнектелген мұражайға қарап қайран қалдық. Шын мәнінде атамыздың ұлылығы көркем бейне алған. Оның өмір бойы өнеге етіп кеткен жазба шығармалары, тұрмыс-тіршілігінде қолданған бұйымдары қаз қалпында сақталып жиналған. Осындай болашақ үшін өте қажетті дүниелерді жинақтап, іске асырып, елге паш етіп отырған мұражайдың директоры шөбересі Әсет Қажымұқанұлына алғысымыз шексіз. Күнмен таласқан биік мүнарада орналасқан атамыздың кесенесінің орны бір басқа.
Саяхаттан кейін, әр кеш демалушылар үшін ашық аспан аясындағы би кештері, жағажайдағы серуен, жанған оттың жанындағы сұхбат ұмытылмас әсер қалдырды.
Бәрінен бұрын, елім, жерім деп аңсап өткен бабаларымызды ұмытпай, тағзым ету баршамыздың ұлы міндетіміз. Сондықтан да осындай тәлім-тәрбиесі мол істермен айналасып жүрген университет ұжымына және ректор Ерлан Мұхтарұлына жастар атынан рахметімізді айтамыз.
«Өлкетану» экспедициясының өмір жасы ұзақ болып, қанаттары талмай самғап, әлі де ашылмаған, зерттелмеген жерлерді елге кеңінен таратарына кәміл сенімдеміз.
Ал енді «Өлкетану — 2007» экспедициясында болып қайтқан бірнеше студенттердің пікірлерін назарарыңызға ұсынамыз.