Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы
Қазақстан Республикасын индустрииялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) «Қазақстан-2050» стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Экономиканы әртараптандыруды жеделдету» деген түйінді бағытын іске асыру үшін, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 ел қатарына кіру жөніндегі тұжырымдамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің XXVI пленарлық отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау үшін және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген.
Бағдарлама Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі - ҮИИДМБ) қисынды жалғасы болып табылады және оны іске асыру тәжірибесі ескерілген. Бағдарлама Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының бір бөлігі болып табылады әрі күш-жігер мен ресурстарды секторлардың шектеулі аясына, өңірлік мамандануға шоғырландыра отырып, кластерлік тәсілді қолдану арқылы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және тиімді салалық реттеуге бағытталған.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1497 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 — 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі қағидаттары мен тәсілдерінің негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 4 маусымдағы № 579 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын инновациялық дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 қазандағы № 1092 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының перспективалы ұлттық кластерлерін қалыптастырудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының және индустрияландыру саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттардың ережелері мен қағидаттары, сонымен қатар Қазақстан қатысушы болып табылатын халықаралық келісімшарттардың нормалары ескеріле отырып әзірленген.