«Ел болса ер туғызбай тұра алмайды» дейді қазақ. Ел басына күн туып, жау жағадан алғанда, қазақ елі өз ішінен арыстан жүректі, сом білекті небір қабылан қаһармандарын шығарды. Сондай батырлардың бірі, өңіріміздің тумасы – Жасыбай Өмірұлы.

Тарихи мағлұмат

Жасыбайдың әкесі – Өмір от ауызды, орақ тілді шешен адам болған. Анасы – қазақтың атақты батыры Олжабайдың әпкесі. Шежіре деректерінде батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де содан. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі.

Жасыбай Өмірұлының ата-тегін таратуда әртүрлі пікірлерді кездестіреміз. Оны Сүйіндіктен, Қаракесектен, Бәсентиіннен тарататын шежіре нұсқалары бар. Ғұлама тарихшы Әлкей Марғұланның тұжырымдауы бойынша, Жасыбай Олжабайдың әпкесінен туған жиені болып келеді. Ал жеті атаға дейін қан араластырмау заңы сақталған сол заманда нағашының жиенді бір рудан алу мүмкінсіздігін ескеріп, Жасыбайдың Сүйіндіктен шыққаны жоққа шығарылады. Қаракесек шежірелерінен де Жасыбай есімі ұшыраспайды. Ал жұртқа мәлім Бәсентиін шежіресінде: «Бәсентиін – Бисен – Матай – Өмір – Жасыбай» деп тарқатылады. М.Жүсіп те өз шежіресінде осы үлгіні қолдайды.

Тарихта Жасыбай батыр жайлы жазылған деректер өте аз. Батыр жайында мағлұматты біз қазақтың ғұлама шежірешісі М.Ж.Көпеев және орыс этнографы әрі тілшісі Н.Я.Коншиннің жазбаларынан, халық аузында сақталған аңыз әңгімелерден, батырдың өзіне шығарылған авторы белгісіз «Ер Жасыбай» дастанынан кездестіреміз. Қолда бар деректерге сүйенсек, Жасыбай батыр ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Орта жүз құрамындағы Арғын тайпасынан шыққан, Бәсентиін руынан. Олжабай батырдың жиені. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде ерекше рөл атқарған ірі тұлға.

Ер елі үшін туады, елі үшін өледі

ХVІІІ ғасырда қазақ-жоңғар қатынастарының шиеленісе түскен кез екені баршамызға мәлім. Осы тұста жоңғарлар қазақ жеріне дүркін-дүркін жасаған шабулы елді есенгіретіп, әбден титықтатты. Ұлан-ғайыр қазақ даласы қан жұтып, қайғысынан қара жер күңіренген зұлматқа толы заман еді. Бірақ қанша жантүршігерлік күйзеліске түссе де, қазақ халқының ер азаматтары жаудан жасқанып, бас сауғаламады. Олжабай, Бөгенбай, Малайсары, Жасыбай сияқты батырлармен бірге жоңғарларға қарсы шықты. Бұл батырлар жауға қарсы күрестің ұйытқысы, ерен күші болды.

Ел қамы, халық үмітін жігерлендірген Олжабай батыр Ақтау, Ортау, Қоянды, Қарқаралы өңірлерінде жауға қарсы шабуылға шыққанда Жасыбай батыр бастаған қол қалмақтың Ежен ханы орда құрған Баянауылды азат етуге аттанады.

Тарихта Бәсентиін Жасыбай мен Сүйіндік Олжабай батырлар жүргізген бұл соғыс туралы әр түрлі пікірлер кездеседі. Қазаннан 1907 жылы басылып шыққан «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабында М.Ж. Көпейұлы батырдың Қызылтау бауырында жер үшін болған шайқаста оққа ұшқандығын мәлімдесе, Ә.Х. Марғұлан еңбегінде 1741 жылы Баянауылда болған шайқаста Олжабай, Жасыбай жасақтары Жоңғарларды талқандайды. Жасыбай жасағы Ақкелін, Көкдомбақ тауларының түбінде қалмақтың он мың қолдық негізгі күшін күйрете жеңеді. Жасыбай жау тосқауылдарын бұзып-жарып Шойындыкөл тұсындағы асудан асады. Тауға шығып жан-жағында жау көрінбеген соң, бір тынығып алмақ болады. Осы сәтті пайдаланған жоңғардың Құба мергені көздеп тұрып садақ тартады. Аңғал батыр құлап түседі, басын қайта көтереді де, әскеріне мынадай өсиет айтады: «Ердің құнын Олжабай жоқтасын, басыма Малайсары белгі орнатсын, артымда қалған жетімдерге қарт Бөгенбай көз салсын... », – деп ер Жасыбай көз жұмады.

Бұл кезде Олжабай, Бөгенбай, Малайсары батырлар жауды өлтіре жеңіп, үлкен той жасап жатыр еді. Оларға Жасыбайдың қазасы жайында хабар беруге Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы Бекболат кісі жібереді. Орны толмас қазаны естіп, қабағынан қар жауып өкінген батырларға Бұхар жырау төгілген жырмен көңіл айтады. 160 жолдық бұл жырда Бұқар жырау батыр қазасы туралы былай деп толғайды:

Кешегі өткен Жасыбай,
Көкше шақпақ тасындай.
Сууы қатты сом болат.
Өмірі өтті жасымай,
Дем таусылып, дәм бітсе,
Аялына қарай ма?
Әзелде жазу осылай.
Тыңда мені Абылай!
Тақта отырып арымай,
Болар істің қамын қыл,
Жадырап шілде жазындай... – деп, Абылайға қарата сөз тастайды.

Олжабай батыр бастаған қалың қол «Қаражорға» күйімен Сарыарқаны күңіренте суыт жүріп, Жасыбай қазаға ұшыраған жерге келеді. Қара шашын жайып сап, қара жамылып еңіреген жас ананы, оның құшағындағы балғын бөбекті көргенде Олжабай батыр былай деген екен:

Келінжан, ақ маралым, есіңді жи, қазаға сабыр қылып, жасынды тый. Ер ел үшін туады, елі үшін өледі. Қара жерге кіргенше қанын іздеймін боздағымның!

Қалың қол қайыса аза тұтып, Жасыбай батырдың сүйегін арулап жартасты таудың төбесіне қояды. Олжабай, Бөгенбай, Малайсары батырлар қабір басына белгі ретінде үш түп жас қайың егеді. Сол жер Жасыбай асуы аталады. Үш батыр Шойынды көлді ескерткіш ретінде Жасыбай көлі аталсын деп ұйғарады. Содан бері сол көл Жасыбай көлі деп аталады.

Батырдың ұрпақтары

Батырдың ұрпақтары жайында деректерді өлкетанушы Дәурен Аяшиновтың «Жасыбай батыр ұрпақтарын іздестіреміз!» атты мақаласынан кездестіреміз. Онда Жасыбай батырдың шежіресі былай тарқатылады: (Бәсентиін – Ақмайдан – Көкшекөз – Кержолымбет – Байымбет – Бейсен – Матай – Өмір би – Жасыбай батыр). Одан әрі батырдың әке жағынан тараған ұрпақтарын С.Жақсыбаевтың зерттеулері арқылы береді. (Жасыбай батыр – Бұлдырық – Бесжан – Иса – Ыдырыс (ағасы Қайбол) – Нүрке - Қайыркен). Серік Имантайұлына бұл ақпаратты батырдың ұрпағы марқұм Қайыркен Нүркеұлы берген екен. Осыдан кейін әке жағынан ұрпақ жолы үзіледі. Батырдың басқа ұрпақтары туралы мәлімет ешбір тарихи деректерде кездеспейді.1835 жылғы санақта Матай – Өмір бөлімшесінде Жасыбайдың екі немересі – Бесжан Бұлдырықов пен Шабар Бұлдырықовтың есімдері жазылған. Мұнда, сондай-ақ, Малайдар Жасыбаев, Астаубай Малайдаров және Шаңқылы Жасыбаевтар бар. Қолда бар мәліметтерге қарап, олардың Жасыбай батырдың немерелері немесе ұлдары екенін анықтаудың реті келмеді – деп жазады мақала авторы.

Кейінгі 1848 жылғы санаққа Жұрын Шаңқылин мен Иса Бесжанов қосылған. 1854 жылғы құжаттар бойынша Иса Бесжанов – Матай – Өмір бөлімше старшинасы болды. 1866-1869 жылдарғы санақта Қырқынбай Шабаров бар. Одан әрі Баянауыл округінің таратылуына байланысты салық жинау жүйесі өзгереді, «ясак», яғни салық санағы жабылады да, «Киізүй басы» жинағы жеке бас деректерінсіз толтырылады.

Кеңес Өкіметінің (1920-1922 ж.ж.) алғашқы басқару жылдарында көптеген құжаттардың жойылуына байланысты 1897 жылғы жүргізілген санақ қағаздарын табуға мүмкіндік болмаған. «Павлодар уезі. 1903 жыл. Қырғыздардың жер пайдалануы жөніндегі материалдарында» Иса Бесжановтың «Түбек» мекенінде (Алтыбай болысы, №6 әкімшілік ауылының құрамында) орналасқан ауыл басы болған.

Жоғарыда айтылған себептер бойынша құжаттардың жоқтығына қатысты Қырқынбай Шабаровтың балалары анықталмады және 1870-1920 жылдар аралығындағы басқа да генеологиялық мәліметтер табылмаған.

Павлодар облыстық мұрағатынан және 1926 жылғы Алтыбай болысының №3 ауылының тұрғындар тізімінде Иса Бесжановтың немерелері Нүрке Ыдырысов пен Бәстем Қайболовтар тұрған деп жазылған. Осы адамдардың бірі Қырқынбай Шабаровтың ұрпағы болуы әбден мүмкін. Мұрағат материалдарының арқасында бүгінде батырдан тараған екі ұрпақты анықтадық. Бұлдырық – Шабар – Қырқынбай және Бұлдырық – Иса – Қайбол – Бәстем (інісі Сәттар) – Қизат, Қамал. Енді олардың 30-шы аштық жылдары, соғыс жылдарында аман қалып, осы күндері олардан тараған ұрпақтың табылуына үміт артамыз-деп жазады Дәурен Аяшинов.

Елім деп өткен ер Жасыбайдың өмірі ерлік пен жұмбаққа толы. Оның туған жері, жылы әлі де болсын белгісіз. Артынан тараған ұрпағы қазіргі күнде бар ма, жоқ па ол да беймәлім. Бүгінгі таңда қазақ елі тарихын қайта жазып, бұрын-сонды айтылмаған көптеген тарихи деректер жарияланып жатыр. Қазақ тарихшылары шетел деректерінен тарихымызға қатысты тың жаңалықтарды енгізуде. Алдағы уақытта сол тың деректердің ішінен Жасыбай батырға қатысты мәліметтер табылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мәдениет СҮЛЕЙМЕНОВ

«SMS+», №2 (61), 2015 жыл, 28 ақпан.