Соңғы жылдары жұлдыздар мен аспан денелерінің Жерге және адам өміріне тікелей әсер етуі туралы жиі айтылып жүр. Бұл жайында фильмдер түсіріліп, жазылып та жүр. «Планеталар шеруі» немесе «метеориттік соқтығысу» сияқты ақпараттармен қоғамда қорқыныш тудырып та жүргендер бар. Бүгінде адам санасын қорқынышпен ұстағысы келетіндердің қатары көбеюде.
Бұл тақырыпта зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген ғалымдарымыздың еңбектері де жетерлік. Алайда, өздерінің ғылыми жұмыстарына қоғамды баса назар аударту мақсатында еңбегінің маңыздылығына тым әсер беруі жиі кездесетін құбылысқа айналғаны әлдеқашан. Нәтижесінде адамзатқа төніп келе жатқан астероид, озондық тесіктерден өткен күн сәулесі, геомагнитті борандар, күн сәулесінің белсенділігі сияқты ғаламдық ауытқулар жер тұрғындарын қорқыныштың уысында ұстауы ғажап емес. Шын мәнінде осы табиғи ауытқулардың кесірі жаһанда болып жатқан жамандық пен ауру атаулының бәріне себепші деуіміз артық емес пе екен? Әрине, жер өзімен-өзі ғаламнан бөлек өмір сүріп жатпағаны мәлім. Жұлдыздар, ғаламшарлар, күн, басқа да аспан денелерінің жерге әсерін ғалымдар зерттеу барысында.
Ай мен Күннің Жерге әсері
Жерге Айдан біршама алыс тұрған Күннің әсері Айдан қарағанда екі есе аз көрінеді. Ай туылғанда Жер, Ай, Күн бірқатарға тізбектеліп түседі. Айдың алғашқы және соңғы ширегінде бұлар бір-бірінен әлсірей бастайды. Ай мен Күннің толқындары – жер үшін маңызды құбылыстардың бірі. Мәселен, олардың әсері Жердің айналуын бірте-бірте баяулатады, тәулікті ұзарады.
Феликс Величко деген ғалымның пайымынша, Айдан ықпал ететін толқындар Жердегі барлық су атаулысына, яғни, мұхиттан бастап, ағзаның әрбір жасушасына, жасуша аралық сұйықтықтардың барлығына әсер ететін көрінеді. Халық арасында айтылып жүрген «лунатик» дерті де осы толқындардың ықпалынан туындайды екен.
Адамзат үшін «Планеталар шеруі» қорқынышты ма?
Планеталардың Жердің биосферасына қаншалықты әсер ететіні жайында 1920 жылы орыстың ғалымы Александр Чижевский былай деген: «Күннің жерге әсері ол – өздігімен бола салатын құбылыс емес. Демек, кеңістіктегі Күн жүйесіндегі планеталардың бір-біріне, Күнге қатынасына тәуелді. Осылайша Жердегі құбылыстар Күнге байланысты ғана емес, планеталардың бақылауында екенін ескеру қажет. Планеталарға Күннің әсерін анықтауға байланысты жасаған зерттеу жұмыстарымыз оң нәтижесін берді: күннің белсенділігі артқан кезде планеталар қозғалысы байқалады». Бұл ғалымның жеке мәлімдемесі ғана. Шын мәнінде, планеталардың Күнге әсері қандай? Бүгінгі күннің ғалымдарының айтуынша, тіпті, барлық планеталар бір қатарға тізбектеле қалса да, олардың толқындық «төбесі» Күн бетінде 3 миллиметрді құрайды. Осындай кішкентай ғана көлемді құраса да, ақпарат құралдары адамзатты «планеталар шеруімен» қорқытуды әбден мақсат етіп алған сыңайлы.
1974 жылы шыққан АҚШ-та Джон Гриббин мен Стивен Плейжманның «Юпитердің эффекті» деген кітабында 1982 жылы барлық планеталар Күннің бір беткейінде қалып, бір қатарға тізбектеле түскен «планеталар шеруін» Жер үшін өте қауіпті қатерге балайды. Сол 1982 жылдың 10 наурыз күні планеталардың жақындасуы болып, Жер бетіне еш қауіп келтірмегені анық. Әдетінше, жер бетінде табиғи стихиялық құбылыстар өз кезегімен болып жатты. Ал, планеталардың ықпалымен Күннің белсенділігі еш өзгермеді. Келесі шеру күннің тұтылуымен сай келіп 1999 жылдың 11 тамызына жобаланды. Халық бұл құбылыстарды «заманның ақырына» балады. Одан кейінгі шеру 2000 жылдың мамырына жоспарланыпты. «Меркурий, Венера, Марс, Юпитер, Сатурн, Күн мен Ай бір қатарға тұрған кезінде Жер қозғалады», - деп «The Sunday Times» сілтемесін беріп, жарыса хабарлап жатты бұқаралық ақпарат құралдары. Адамның негізгі инстинктерінің бірі қорқыныш екенін ескерсек, өзінің арам пиғылын іске асырмақ болғандар бұл сынды жорамалдарды адам баласы жер бетінде өмір сүргенге дейін үгіттей беретіні хақ.
«Планеталар шеруі» ақиқат па, аңыз ба?
Планеталардың бір қатарға тізбектелуі Күннен әр бағытта қатарласады. Күнге күндік тасқындар әсерінің 70 пайызы Юпитер мен Венерадан болады. Максималды тасқынды ықпал осы планеталар Күн қатарында қатарласқанынан әсер етеді екен. Бұл қатарласу әр төрт айда болып тұратын құбылыс. Алайда, осы құбылыспен жер бетінде еш өзгерістер белгіленбеген екен. «Планеталар шеруі» Күннің жарықтануын 0,1 пайызға арттырады деген ғалымдардың болжамы да жерге қауіп беретіндей қасірет әкелмейтін көрінеді. Миллиондаған жылдар бойы жарығын шашып келген күн бір күнде өз қызметінен жаңылған емес. Ғалымдардың айтуынша жұлдыздардың біздің жер биосферасына әсер етуі өте аз болғаны соншалық, күнделікті күйбең тірлікті өзгертер ауқымды ауытқулар болмайды деп сендіреді Ресей ғалымдары.
Астрологиялық жорамалдарды жоққа шығару
Мичиган университетінің психологы Б. Силверман жұлдыз-жорамалдың адамдарға әсерін зерттеген екен. Ол жұптың бірінің белгілі-бір күнде туылған, яғни белгілі-бір жұлдыз белгісі иесінің олардың некесіне немесе айырылысуына жұлдыздардың әсерін білу мақсатында 2978 некелер мен 478 айырылысу деректерін қолданды. Ғалым екі тәуелсіз жұлдызшылардың шынайы мәліметтері бойынша жұптарға арналған сәтті және сәтсіз некелердің жорамалын салыстыру арқылы өмір шындығы мен жорамалдың еш байланысы жоқ екенін Б.Силверман дәлелдеп шықты. Адамның туылған сәтінде Күннің жұлдыздар әлеміндегі тұрған тұрысы адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етпейтіні анықталды.
Жұлдыздың мамандыққа ықпалы бар ма?
Астрологтардың байламынша адамдардың белгілі-бір мамандыққа бейімділігін жұлдыздар арқылы анықтауға болатын көрінеді. Дж.Вашингтон университетінің экономисттері Джордж Беннет пен Джордж Барт планеталардың қалыптасуы яғни, жұлдыздардың белгілі мамандықтарға бейімділігіне әсерін анықтау мақсатында зерттеу жасаған. Әсіресе, Марстың билігіндегі белгілер зерттеу нысанасына айналыпты. Бұл зерттеу жұмысы да астрологиялық жорамалдардың негізсіз екенін дәлелдеді. Америкалық физик Дж.Мак-Джерви 17 мың ғалымдар мен 6 мың саясаткерлердің туған күніне байланысты жұлдыз жорамалын зерттеген. Бұл жұмыстың нәтижесі бойынша да ғалым, саясаткер болу жұлдыздың әсеріне қатысы жоқ, кездейсоқтық екені расталды. Американдық психолог Дж Мак-Гру адамның мінез-құлқына жасалынатын жорамалдың сапасына зерттеу жасайды. Ол зерттеу жұмыстарына алты кәсіби жұлдызшылар мен жұлдыз-жорамалдан еш түсінбейтін бақылау тобын қатыстырады. Астрологиялық, мінезіне, жұмысына және тұрмыстық сұрақтарға жауап берген 23 ерікті адамдардың жазбаша анкетасы алынады. Анкета бойынша жұмыс жасаған топ пен еріктілердің туған күні мен қайда туған жерін білетін астрологтардың болжаған жорамалын салыстырып, сарапқа салады. Бұл жұмыстың нәтижесі бойынша астрологтар жасаған жорамал бақылау тобының жауаптарынан әлдеқандай нақтылық алшақтық байқалмайтынын аңғартты. Ал, ең қызығы әр жұлдызшыларымыздың адамдарға берген мінездемелері әртүрлі болып шыққаны. Астрологиялық болжамның жалғандығын дәлелдейтін осы сынды ғылыми зерттеулер жетерлік. Ең сорақысы бүгінде ақпарат құралдарында берілген адам мінезіне, болашағына жасалған болжам кәсіби жұлдызшылармен емес, бұл саладан хабары жоқ адамдардың дайындауымен жарыққа шығуда. Дегенмен, мәдениет пен өркениеттің дамыған шақтарында осы сынды жалған ілімнің белең алуына ғалымдардың өздері таңқалмасына амалы жоқ.
Астрология мен Астрономия таласы
Орыс ғалымы Владимир Сурдин: «Жаратылыстану ілімі бойынша астрология – рационалды мазмұны жоқ сабынды көбік секілді. Ғылым болжам жасаудың әдістерін жасайды, тек мистикаға жол бермейді. Ал, мүмкін емес болған жағдайда, ол жайында ашық мойындап, астрологтар сияқты үміт бермейді. Ғылым мен астрологияның жолы екі бөлек», - деген екен. Жұлдызшылар ғылымның жеткен жетістіктеріне ортақтасып келеді деп жар салып жүрген ғалымдардың жұлдыз-жорамалды жоққа шығару еңбектері көп-ақ. Кейде журналистер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «астрологиялық күнтізбе бойынша бүгін ең қысқа күн, ең ұзақ түн болмақ» немесе ертең «планеталар шеруі», «күн тұтылуы» болады деп айтса, астроном ғалымдар қатты ренжіп қалады екен. Өйткені бұл табиғи құбылыстарды анықтайтын тек астрономдар ғана екенін естен шығармауымыз тиіс.
Жұлдыздар сатыла ма?
Бүгінде аспандағы жұлдызды немесе өзіңе ұнайтын ғаламшардан телім орын сатып алу қиындыққа соқпайтын көрінеді. Көзге көру мүмкіндігіне қарай жұлдыз бағасы қымбаттай береді. Көзбен көретін жұлдыздар құны 32 000 теңгеден басталып 40000-ға дейін өсе береді. Бинокльмен көруге болатын жұлдыздар бағасы 10000 теңгеден басталып 32 000 теңгеге дейін, ал телескоп арқылы байқауға болатындары 6000 - 16000 теңгені құрап отыр. Сіздің қолыңызға өзіңіз таңдаған жұлдызға қойылған есім мен нөмір беріледі. Бұл жұлдыздарды сіз аспан денелерінің картасынан ешуақытта көре алмасыңыз анық. Жұлдыздарға есім беретін әлемде жалғыз ұйым – Халықаралық астрономиялық одақ. Оның өзінде олар аспан денелеріне есімді бізге түсініксіз өзіндік сандар мен қаріптермен атауды жөн көреді. Алайда, бұл ұйымның өзі жұлдыздарды саудалаумен айналыспайды. Сонда оларға Жер тұрғындарына ортақ жаратылысты, яғни жұлдыздар мен планеталардағы телімдерді сатуға кім рұқсат берді екен. Жай бір парақ қағазды сатып алу яки алмау әркімнің өз еркінде.
Түйін сөз. Аспан денелерінің адам баласына мүлтіксіз әсері бары анық. Ғалымдар жұлдыздардың адам өмірі мен мінезіне ықпал етуші күштің барын жоққа шығарды. Дегенмен, жалған ілімнің адам санасына әсері әлдеқайда күштірек екені де даусыз. Ғылым мен жұлдыз жорамалшылардың таласы, миллиардтаған шақырым алшақтықта тұрған аспан денелерін сатып жүрген қулардың ауадан пайда көруі немен бітер екен?
Жанар ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ
«SMS+», №10 (58).