29 сәуірде Мейрам Бегентаев С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Университеттің жаңа басшысын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев таныстырды.
Мейрам Мұхаметрахымұлы Бегентаев 1996 жылы Павлодар индустриалды институтын «Автомобильдер және трактор жасау» мамандығы бойынша үздік бітірді. 1999 жылы С. Торайғыров атындағы ПМУ-ды «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірді.
2010 жылы экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрметті қызметкері болып танылды.
Әр жылдары жауапты басшылық лауазымдар атқарды. 2004 жылы Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, 2008 жылы Стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор болып тағайындалды. 2010 жылдың желтоқсанында Стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі бірінші проректор болып тағайындалды.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Бірнеше рет Павлодар қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды, Павлодар қалалық мәслихатының әлеуметтік саясат жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды.
2012 жылдан 2016 жылға дейін V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды.
2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.