Нұр-Мүбарак Мысыр Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жұмыс сапарымен болды.

Мейман алдымен жоғары оқу орнының жұмысымен танысты. Университет ректорының міндетін атқарушы, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов білім ордасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Шетелдік қонақ археологиялық музейде жинақталған құнды жәдігерлерді көрді.

Кейін ПМУ студенттеріне Мысыр университетінің тәжірибесін мысалға келтіріп, экстремизмді алдын алу шаралары мен төзімділікті тәрбиелеу тақырыбында дәріс оқыды.

Университет жанында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес орталығы жұмыс істейді. Орталықта экстремимзді алдын алу, сонымен қатар, теріс ағымдардың әсеріне тап болған адамдармен қарым-қатынас техникасын үйретіледі. Орталық жұмысы зардап шеккендерге көмек көрсету, қарым-қатынас орнатуға негізделген.

Кездесу серіктестік жөнінде меморандумға қол қою шарасымен тәмамдалды.

Қос тарап жоғары оқу орындар арасындағы екіжақты қарым-қатынастар жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыру мен мәдениаралық байланыстарды дамытуға оң әсерін тигізеді деген пікір білдірді.