С.Торайғыров атындағы ПМУ 4 курс студенті Рамазан Мұхтар өзі құрастырған 3D принтері арқылы пластикалық заттар шығаруда.
3D принтер құрастыру бағытындағы жұмысын Рамазан Мұхтар бір жыл бұрын бастаған.
- Өткен жылы YouTube желісінде отырып 3D принтермен автомобиль басып шығарып жатқанын көрдім, - Рамазан Мұхтар. – Сол бейнежазбаны көргеннен кейін қызығушылығым оянып, 3D принтер туралы деректерді іздей бастадым. Тағы да YouTube-та бір жігіттің принтерді өзі құрастырып жатқанын көзім шалды. Содан мен де өзім байқап көруге бел байладым.
Жас өнертапқыш сынап көру үшін бірінші принтерін компьютердің дисктерінен құрастырған. Оған 30 мың теңге көлемінде шығын кетсе, принтердің соңғы нұсқасына 80-100 мың теңге аралығында шығын шыққан.
- Қазіргі принтерді жасау үшін 3 ескі компьютердің жүйелік блогы жұмсалды, - деді Рамазан Мұхтар. – Сырты ағаш-жаңқалы тақтадан құралған. Кәдімгі принтерлерге ұқсас. Тек биіктігі басым. Электроника жағын Қытайдан тапсырыс арқылы 2 ай уақыт аралығында алдырдым. Ал, басып шығаруға пайдаланылатын пластиктерді Ресейден немесе өзге де шет елдерден алдыруға тура келеді. Оның келісі 20 доллар тұрады. Өкінішке орай Қазақстаннан таппадым.
Қазіргі уақытта өнертапқыш Instagram-дағы basu3d парақшасы арқылы бірнеше тапсырыстар қабылдап үлгерген. Жуырда ғана Семейлік тұрғынға піспенан пісіруге арналған 7 қалып шығарып берген. Бір қалыптың құны 1000 теңге болса, сол құнның жартысы шығынға жұмсалады.
- Әзірге піспенан пісіруге арналған қалып шығарумен айналысудамын. Алдағы уақытта «АидАли» наубайханасы үшін мол мөлшерде тоқаш қалыбын дайындамақпын, - деді өнертапқыш.
Рамазан Мұхтар басып шығаруға қажетті пластика тапшылығы мәселесін шешудің де жолын тауып, қажетті пластиканы өзі өңдеуге кіріскен.
- Басып шығаруға арналған пластиканы табу қиыншылық тудырады, - деді өнертапқыш. –Қазіргі уақытта арнайы құрылғы арқылы сапалы пластикалар мен пластикалық бөтелкелерді араластырып өңдеудемін. 10 граммдық зат шығару үшін 2 литрлік 10 бөтелке жұмсалады. Оған қоса, алдағы уақытта заттың құнын бөтелкелер арқылы төлеу жөнінде акция шығармақпын. Яғни, тапсырыс беруші төлем құнының 50 пайызын пластикалық бөтелкелер арқылы беруіне болады.
С.Торайғыров атындағы ПМУ-де химия бойынша 4 курс студенті өзінің жетекшісі, PHD докторы Әсия Қасановамен бірге жұмыс жасайды. Құрастырған 3D принтері 20х20 см өлшемінде кез келген пластикалық затты шығара алады.
Оразбек Саяхат pavlodarnews.kz
Фото: Светлана Воронова