С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Респубикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арналған М.Ж. Көпеевтің 160 жылдығына арналған «Мәшһүртанудың ғылыми негіздері – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова өз баяндамасында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұрасы бүгінгі күні өзектілігін жоғалтпағанын тілге тиек етті.
- Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің идеялары уақытқа бағынбайды, бүгінгі күні – XXI ғасырда өзектілігін жоғалтпаған. Біз үшін оның мұралары рухани даму бағытында өркендеу үшін таптырмас құрал іспеттес, - дейді Гаухар Ахметова.
М. Көпеевтің көпқырлы шығармашылығын талқылауға Үндістан мен Польша ғалымдары, филология, тарих, философия, лингвистика салаларының тәжірибелі сарапшылары бас қосты.
Кришан Лобиял Джавахарлал Неру зерттеу университеті, компьютерлік және жүйелі ғылымдар факультетінің деканы және ақпараттық ғылымдар докторы, профессор (Нью-Дели, Үндістан) мен Михал Адамиак Варшава археологиялық институтының өкілі онлайн режимде байланысқа шықты. Сонымен қатар, мәшһүртанушы-ғалымдар – ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы және ф.ғ.д., профессор Жантас Жақыпов қатысты.
Бұл күні «Мәшһүр Жүсіп әлемі» атты балаларға арналған көрнекі әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті. М. Жүсіп Көпеевтің шығармаларының ізімен жазылған ертегілер авторы – Ж. Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологиялары ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, п.ғ.д., профессор Еңгілік Жұматаева. .
Сонымен қатар, конференция материалдары мен шығармалар жинақтарымен танысуға мүмкіндік беретін kopeyev.psu.kz сайты таныстырылды.
Конференция барысында М.Ж. Көпеевтің мәдени мұрасын насихаттау мен зерттеуге сүбелі үлес қосқан оқушылар мен олардың ата-аналарын Алғыс хаттармен марапаттау шарасы өтті.
Конференцияға облыстың 10 ауданы мен 3 қаласынан «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының курторлары мен әкімдерінің оырнбасарлары бастап келген делегаттар қатысты.
Сонымен қатар, конференция жұмысына онлайн режимінде 2000-ға жуық жас ғалым, студенттер мен оқушылар қатысады. Онлайн-байланыс әлеуметтік желілерде де ұйымдастырылды.
Еске сала кетсек, жоғары оқу орнында 2004 жылдан бері ғылыми-тәжірибелік орталық жұмыс істейді 2006 жылы жаңа кесене бой көтерді. Жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арналған музей-кабинет ашылып, «Мәшһүртану» пәні енгізілді. М. Ж. Көпеев шығармаларының 20 томдық жинағы мен энциклопедия басылып шықты. Бүгінде М.Ж Көпеевтің мұрасын зерттеуге қызығушылық танытқан жас ғалымдардың қатары артуда. Олардың қатарында Қазақстан, АҚШ, Түркия, Жапония елдерінің азаматтары бар.