Павлодарда «Ұлы дала елі» этнофестивалі шеңберінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды шара мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, педагогтар мен ғалымдар қатарынан мыңға жуық азаматтың басын қосты.

Конференция Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Мұса Шормановтың 200 жылдығы, Естай Беркімбаевтің 150 жылдығы және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойын арқау етті.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде конференция аясында жұмыс істеген секцияның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығына арналды.

Қонақтарды ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышев қарсы алды.

Секциялық алаңда мәшһүртанушы-ғалымдар, ағартушы, жазушының ұрпақтары баяндама жасады.

Шара қатысушылары Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзі дәуірінің ең белемде адамы екенін тілге тиек етті. Қазақ даласының біртуар ұлы медицина, астрономия және физика салаларына қатысты өшпес мұра қалдырды. Ғалым-энциклопедист өз заманында қазақ ғылыми жүйесінің іргетасын қаласа, еңбектері бүгінгі отандық ғылым саласының негізіне айналды.

Еске сала кетсек, этнофестиваль екі күнге жалғасады. Ленин кентінде бой көтерген этноауылда мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.