С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бір топ ғалымы мерейтойларын атап өтті. Сексеннің сеңгіріне жеткендердің қатарында жоғары оқу орынның әйгілі екі ғалымы – техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық информатизация Академиясының академигі Амангелді Нұржауұлы Нұржауов және физика-математатика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі Мейрам Хамитұлы Хамитов бар.
Мерекелік шараға С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, к.филос.к. Гаухар Ахметова қатысып, Амангелді Нұржауовтың Павлодар облысындағы ғылыми ортаның белді мүшесі, ғалым, талантты музыкант, адал және үлкен жүректі адам екенін тілге тиек етті.
«Амангелді Нұржауұлы өнерге деген ерекше ықыласы бар, қызметіне адал және ашық жүректі адам. Ол өзінің артынан ерген жас ғалымдар үшін үлгі, шыныққан мінезі және өмірлік ұстанымы берік азамат ретінде сый-құрметке ие», - дейді Г. Ахметова.
Ол ғылыми қызметінің негізгі бағыты ретінде машиналы-тракторлы агрегаттың динамикасын зерттеуді таңдады. Бұл – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі техинкалық үрдістің мағызды бағыты.
Амангелді Нұржауовтың Павлодар индустриалды институты жанынан бірінші домбыра оркестрін ашуға мұрындық болуы мен «Автомобильдер және тракторлар» алғашқы шығарушы кафедрасының негізін қалағанын барлығы біле бермейді (қазіргі С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті металлургия, машина жасау және көлік факультеті көліктік техника және логистика кафедрасы).
Амангелді Нұржауұлы испан тіліндегі 9 әдістемелік нұсқаулықтың авторы. Бұл ғылыми еңбектер Никарагуа Республикасының Ұлттық инженерлік университетінің оқу үрдісіне енгізілді.
80 жылдық мерейтойын Қазақстан Республикасының Құрметті білім беру қызмекері, танымал математик Мейрам Хамитұлы Хамитов атап өтті. Мерекелік кеште әріптестері мен қатарластары ізгі тілектерін жолдады.
М. Хамитов ғұмырының 40 жылын Павлодар мемелкеттік университетіне арнады. Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті ғалымның атсалысуымен талай белесті бағындырды.
Мейрам Хамитұлы дифференциалдық теңдеулердің ондық кезеңдерінің жүйесінің шешімін жасады. Ол 100-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек, бес монография, екі тапсырмалар жиынтығы, сонымен қатар, қазақ тіліндегі математика кітабын жазды.