Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дирк Ян Коп және елшіліктің экономика мәселелері жөніндегі кеңесшісі Меғдат Олжаев С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне ат басын тіреді.
Экономистер, саясаттанушылар мен тарихшылар қатысқан кездесу барысында Нидерланды елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Қазақстан және Нидерланды елдерінің 25 жылдық табысты ынтымақтастығы туралы сөз қозғалды. Жиналған қауым шетелдік мейманмен еркін әңгіме өрбітіп, қызықтырған сауалдарына тұшымды жауаптар алды.
Университет оқытушыларын цифрландыру, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мәселелер қызықтырды. Елші мырза өз сөзінде Нидерландының аумағы Қазақстан жерінен 65 есе кіші екенін алға тартты. Ал халық жағынан тепе-тең. Сонымен қатар, өз елінің аймағы шағын болғанына қарамастан, әлем мемлекеттері ішінде азық-түлік экспорты бойынша Америка Құрама Штаттарынан кейін екінші орында екенін мақтанышпен айтты.
Голландия елшісі қолданбалы мамандықтар қатарындағы кадрлардың қажеттілігі туралы сөз қозғады. Мысал ретінде голландық жылыжай кешендерінде өнімділіктің тиімділігін арттыруға атсалысатын салалық мамандарға, яғни жылыдайларға маманданған агрономдарға сұраныстың артып келе жатқанын келтірді. Дирк Ян Коптың айтуынша, Каспий теңізіндегі кемелерге қызмет көрсету нарығында да кәсіби мамандарға сұраныс бар.
Шетелдік мейман кемелер, жүзетін қонақүйлер мен өзге инфрақұрылымдар Нидерландыда өндірілетінін жеткізді. Ал кеме қатынасы саласындағы қызметті келісімшартқа отырған украиналық мамандар жүзеге асырады.
Осы екі мысал арқылы елші қолданбалы мамандықтардың Қазақстан экономикасы үшін маңызлылығына назар аударды. Оның пайымдауынша, ұста, монтажшы немесе гидротехник болудың еш ұяттығы жоқ. Голландияда бұл мамандық иелері құрметке ие және олардың еңбегі жоғары бағаланады.
Экология туралы айтқанда, Дирк Ян Коп ірі индустриялық өндіріс ошақтарының қалдықтарын мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жағу CO2 шығарылымдарын жылыжайларға бағыттауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұл өз кезегінде Қазақстан үшін экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді болмақ.