Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ең басты бағдар - ұлттық білім сапасына көңіл бөлгені баршамызды қуантқаны рас. Адамзат ғұмырында әрқашан да гуманитарлық білім оның тұлғалық қалыптасуына басты маңызы мен мәні бар білім кеңістігі болып табылатыны баршаға аян. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары әр адам үшін білім кені. Сондықтан да заманға лайық білім беру – өмір талабы. Осы ретте осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Құптарлық та қуантарлық жайт.

Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалмақ. Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде жүзеге асып жатыр. Аударма ісі оңай үрдіс емес. Оған екі тілді әдеби тұрғыда жетік білетін маман болу қажет. Біздің ойымызша, болашақта қолымызға тиетін 100 оқулық сапасы осы мамандардың біліктілігіне байланысты болмақ.

Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, барлығы 800-ден аса оқулық атауы келіп түскен екен. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, биылға 18 оқулық таңдалған. Іріктелген оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 100-ден аса маман қатысқанын хабардармыз, келешекте де бұл орта білікті аудармашылармен толығар деген ойдамыз. 

Аталмыш оқулықтар алдағы жылы басылып, ЖОО-на жеткізілетіні және 2018 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне  енетіні көңіл қуантады. Алғашқы аударылған 18 оқулықтың ішінде  Америка тілшілер қоғамының президенті Виктория Фромкин бастаған ғалымдар тобының «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы, Лее Анна Пек авторлығымен жазылған «Медиаэтика» және Светлана Тер – Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»» атты оқулықтарының қазақ тіліне аударылғаны оқу үрдісіне құнды бір әдебиеттің қосылғаны деп есептейміз. Оқулық мазмұнын сараптай келсек, мәселен, Виктория Фромкин бастаған ғалымдар тобының «Тіл біліміне кіріспе» оқулығында тілдік өзгеріс,тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты мәселелердің жаңаша таладуы ұсынылған. Ал, Лее Анна Пек авторлығымен жазылған «Медиаэтика» атты оқулығында БАҚ саласында кездесетін этика мәселесі, қоғамдық қатынастар саласында қызмет ететін жас мамандарға ақыл – кеңес жиынтығы беріледі. Әр түрлі жағдайдағы мроальдық мәселелерді шешудің жолдары ұсынылған. Светлана Тер – Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»» атты оқулығында түрлі ұлт,мәдениет өкілдерінің өзара тілдік қарым – қатынасының мән – маңызы және оның алғы шарттары туралы ой қозғалады. Мәдениетаралық коммуникация моделіне талдау жасалынады. Міне, мұндай оқулықтар сапы бүгінгі білім мазмұнын тереңдету үшін пайдасы зор деп білеміз.

Ойымызды түйіндей келсек, кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминалогияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ең бастысы, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылуы арқылы  тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды. Гуманитарлық салалар бойынша білім алатын жастардың заман талабына сай білім алуына жағдай жасалынады.Сөйтіп, отандық жоғары оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығуына мүмкіндік туады. Ендеше тереңдетілген, жан – жақты білім алу үшін осындай білімдендіру қуаты мықты оқулықтар қатары сөремізде көбейе берсін!

 

Зейнулина А.Ф. - ф.ғ.к., профессор, 
С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі және журналистика» кафедрасының меңгерушісі