С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Шараны академик С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды. 

Шара барысында студенттер 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғасын және сол жылы еліміздің Тәуелсіздігі жолында мерт болған қазақ жастарын еске алды. 

Жиналғандар үшін «Желтоқсан желі» фильмі көрсетіліп, еліміздің ең ұлық мерекесіне арналған өлеңдер оқылды. Сонымен қатар, оқу орын өнерпаздары Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін және «Алтын бесік», «Қазақ елі осындай» және «Туған жер» сынды эстрадалық әннен шашу шашты.

Сондай-ақ, кітапхананың қазақ әдебиеті секторының кітапханашысы Журсиля Әбілдинова «Тәуелсіз дәуір романы» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, осы тақырыптағы әдебиеттерге шолу жасады. Қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі  Гүлжан Аманова қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.