С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің өкілдері жұмыс сапарымен келді.

Делегация құрамында оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Сәуле Рахметуллина, ғылыми кітапхананың жетекшісі Назым Тілеубекова және стартап академиясының жетекшісі Айбек Букенов бар. Олар Павлодар мемлекеттік университетінің «кәсіпкерлік арқылы оқыту» идеологиясымен танысты.

Павлодар облысының 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясының аясында ПМУ базасында халықаралық стартап академиясы ашылып, студенттік және оқытушылық кәсіпкерлікті, сонымен қатар, коммерциялық жобаларды дамыту бағытында жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстаннан келген өкілдер Ә.Марғұланның ғылыми орталығының археологиялық зерттеу материалдарымен, «Дос-Мұқасан» ансамблінің жұмысына арналған мұражайдың экспонаттарымен танысты.

Содан кейін Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы С.Бейсенбаев атындағы ғылыми кітапханада болды. Қонақтар стартап-академиясына және коворкинг орталығына ерекше қызығушылық танытты. 

Еске сала кетейік, осы күні Университеттер арасында бірлескен зерттеулер, магистранттар мен докторанттарға тағылымдамадан өту, кәсіби тәжірибеден өту, халықаралық білім беру және ғылыми бағдарламаларға қатысу және т.б. ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.