С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Сұңқарай Құлбаева ұлттық мәдениеттердің «Достық палитрасы» атты халықаралық фестиваль-байқауының бірінші дәрежелі лауреаты атанды.

Байқау Ресей, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Қазақстан аумағын мекен ететін халықтардың этномәдени қоғамдық ұйымдарының өкілдері мен білім беру мекемелерінің шығармашылық ұжымдары қатысқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумының шеңберінде өтті.

Форум қоғамның ғылыми және шығармашылық дамуына ықпал етуді және елдер арасында мәдениет пен білім беру саласында біріңғай ақпараттық кеңістікті құруды мақсат етті.  

Байқауда С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің намысын қорғаған Сұңқарай қазақтың «Дайдидау» әнін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. 

«Байқаудың қайсысының да оңайы жоқ. Бұл байқауға әлемнің әр елінің дарындылары қатысты. Мен музыканы шексіз сүйемін. Сол себепті, өзімнің вокалдық қабілетімді сынап, шыңдауға көп уақыт бөлемін. Әзірге менің басты арманым әрі мақсатым – академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Италияда өз біліктілігімді тереңдетіп, білімімді ұштау», – дейді Сұңқарай. 

Бұл жүлде – студенттің халықаралық дәрежедегі алғашқы жеңісі, сондықтан, ол үшін айтулы марапаттың орны ерекше.