С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Қазақстан және Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары студенттері арасындағы көптілділік бойынша халықаралық олимпиадада жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан елдерінің 25 жоғары мектептерінің студенттері қатысты. 

Қарағандыда өткен сайыста Павлодар мемлкеттік университетінің намысын Нұргүл Адамжанова, Алуа Серікбаева, Мәдина Әділова, Айдана Құсманғазынова қорғады. 

Байқаудың талабына сай қатысушының ана тілімен қатар мемлекеттік және бір немесе бірнеше шетел тілдерін қаншалықты білетіндігі сарапқа салынды. Егер студенттің ана тілі мемлекеттік тілмен сай келсе, оған Орталық Азия және Қазақстанда қолданатын өзге тілді таңдауына мүмкіндік берді. 

Қатысушылар олимпиадада үш кезең бойынша сынға түсті. Олар шет тілінде ұсынылған мақал-мәтел немесе жаңылтпаштар бойынша аудио, оқу, эссе жазу білімдерін ортаға салды. 

Көптілділік деңгейін анықтау мақсатында студенттер ұсынылған тақырып аясында баяндамаларын оқыды.   

Байқау нәтижесі бойынша Нұргүл Адамжанова жеке есепте екінші орын иегері атанды, сонымен қатар, «Шет тілдің үздік білгірі» аталымында бірінші орынды қанжығасына байлады. 

«Ескере кетейік, біздің кафедраның студенттері осы сынды жоғары деңгейлі байқаулардан қашанда оза шауып, олжа алып келеді. Осыған орай айтарым, студенттердің жетістікке жетелейтін толағай табыстары әлі алда деп білемін», – дейді шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушысы Ольга Вьюкова.