С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде иттердің халықаралық көрмесі өтті. Шараға Астана, Алматы, Семей, Қарағанды, Өскемен және Ресейден жүзден астам үй жануарлары қатыстырылды. Көрмеге иттің 35 тұқымдық топ өкілдері ұсынылды. Ирландық волкодав, тибеттік мастиф, хаска, чихуахуа, америкалық акита, йоркширлік терьер, сенбернар, цверкшнауцер және басқа да асыл тұқымды төрт аяқтылар көрменің көркіне айналды.
Шараны С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің зоотехнология, генетика және селекция кафедрасы «Эдельвейс» кинологиялық клубымен бірлесіп ұйымдастырды.
Агротехнологиялық факультеттің деканы, а.-ш.ғ.д. Тоқтар Бексейітовтің айтуынша, кафедрада «Кинология негіздері» таңдау пәні ретінде студенттерге бірнеше жылдан бері оқытылып келеді.
«Қазіргі таңда «Кинология негіздері» пәні агротехнологиялық факультеттен тыс өрісін кеңге жаюда. Өйткені, бұл пәнді басқа факультеттердің студенттері де таңдауда. Өздеріне адал да сенімді серігі – итті өсіру мақсатында тұщымды ақпарат артық етпейді», – дейді Тоқтар Кәрібайұлы.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, көрме үй жануарларының иелеріне иттердің тұқымдары, жалпы кинология туралы мәліметтерге қанық болуға және иттердің асыл тұқымды түрін анықтауға мүмкіндік береді. Дәл осындай шараларда еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен келген кинолог мамандар кездесіп, көбіне олардың таныстығы үлкен достыққа әрі ынтымақтастыққа ұласып жатады.
– Егер сіз дене бітімі көрікті асыл тұқымды күшікті асырап алған болсаңыз, оның көркемдігімен көппен бөліскеніңіз жөн, – деді зоотехнология, генетика және селекция кафедрасының меңгерушісі, а.-ш.ғ.д. Надежда Бурамбаева. – Бітімі көрікті, текті жануар көрмеге қытыспай, асыл тұқымды иттердің көбеюін насихаттауға өз үлестерін қоспауы, өте өкінішті. Бұл қадам белгілі бір тұқымның мәртебесін өсіруден гөрі өз зиянын тигізетіні анық.
Қатысушыларды жасына, тұқымына қарамастан бірнеше бағыттар бойынша бағалады: сыртқы пішіні, түсі, қожайынның айтқанын орындау, рингте өзін-өзі ұстау. Қазылар иттердің әдеті мен мінез-құлқына да ерекше мән берді.
Сондай-ақ, жиылғандардың ит тұқымдары туралы әдебиеттер мен бейнематериалдар сатып алуына мүмкіндігі болды.