С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері алты мамандық бойынша республикалық пәндік студенттік сайыстарда жүлделі орындардан көрінді.
М.В. Ломоносов атындағы ММУ-нің Қазақстандағы филиалында өткен орыс филологиясы мамандығы бойынша студенттік олимпиадада «Орыс филологиясы» кафедрасының доценті Ольга Поповичтің жетекшілігімен бақтарын сынаған ПМУ-нің студенттері командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, олар жеке есепте де зор табысқа жетті. Команда құрамындағы Наталья Крестьянинова бірінші орынды еншілесе, екінші орынға Александра Музыка қол жеткізді, ал Айдана Кубеноваға үшінші орын бұйырды. Сонымен қатар, команда шығармашылық байқауда екінші орын алды. Команда жетекшісі О.А. Поповичтің айтуынша, студенттер кәсіби дайындықтарын көрсетіп қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін де таныта білді.
Бұдан өзге, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында өткен орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша республикалық сайыста дәл осы топ командалық есепте күміс жүлденің иегері атанып, жеке есепте Наталья Крестьянинова үшінші орынға жайғасты.
Болашақ журналистердің республикалық додасында ПМУ-нің жас тілшілері Нұрбөпе Докторханқызы жеке есепте екінші орын, ал Мереке Амантай үшінші орын жүлделерінің иегерлері атанды.
ПМУ-нің қоржыны тағы жүлделермен толықты. Машинажасау мамандығы бойынша студенттер арасындағы республикалық олимпиадада Мәди Жәкенов университет намысын лайықты деңгейде қорғап, жеке есепте екінші орынға ие болды. Және де, «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша республикалық жарыста Иль Дмитрий жеке есепте үшінші орынға лайықты деп танылды. Агрономия мамандығы бойынша олимпиадада Альфия Ерғалиева да жеке есепте қола жүлдегер атанды.