С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетнің кітапханасының қазақ әдебиеті бөлімінде ақын, Қазақстанның халық жазушысы, драматург, аудармашы Дихан Әбілевтің 110 жылдығына орай «Жүрек жырлайды» әдеби кеші өтті.
Дихан Әбілев 1907 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келді. Ол 1934-1937 жылдары Семей ауылшаруашылық техникумын, Алматыдағы журналистер институтын бітірген. Д. Әбілев туған ауылында, Қызылжар, Қарағанды, Алматы қалаларындағы мәдени-ағартушылық мекемелерінде, газет басқармаларында, Жазушылар одағында қызмет атқарды.
Дихан Әбілевтің тұңғыш өлеңі – «Қызыл әскерге» 1925 жылы Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде жарияланған. Оның қазақ әдебиетіне қосқан елеулі туындылары: Шалқыма», «Алтайдың асыл таулары», «Сұлтанмахмұт арманы», «Майданбек» «Сүйемін», «Мұңсыз Мариям», «Жас азамат», «Таңдамалы өлеңдер», «Ой толқындар», «Уақыт пен сырласу», «Толғаныс толқындарын», «Қарулас достар», «Майра», «Біржан сал мен ақын Сара».
Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов Дихан Әбілевке арнаған жыр жолдарында былай дейді: «Ортамызда бірісің тарлан нардың, асқаны жоқ көп жүлде алғандардың. Жаздың роман, өлеңмен, қара сөзбен. Бірі болдың дара жол салғандардың».
Әдеби кеште студенттер ақынның Мәлік Ғабдуллинге, Мәншүк Мәметоваға, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арнаған жырларын оқыды. «Foundation» факультетінің білім алушысы Ерген Жанболат «Өлең – меруерт, жыр мұхит тереңінде» шығармасын және МБ-101 тобының студенті Манас Қалиолла «Нағыз қазақ – қазақтың өзі ғана» өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Қазақ әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Жүрсила Әбілдинова «Қалам мен заман» атты библиографиялық шолу жасады. Сондай-ақ, кеште «Өлең – меруерт, жыр мұхит тереңінде» атты электронды кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылды.